Алматы қаласы Алмалы ауданының полициясы интернет-платформаларда жалған хабарландырулар орналастыру арқылы азаматтарды алдап келген 18 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметінше, ол шын мәнінде жоқ пәтерлерді жалға беру туралы ойдан шығарылған ұсыныстарды жариялап, тұрғындардан алдын ала төлем, кейбір жағдайларда тіпті толық жалдау ақысын да алған.
Полицейлер оның заңға қайшы әрекеттерінің шамамен 30 эпизодын анықтады. Қазір күдіктінің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
«Күдікті жолға қойылған схема арқылы әрекет етіп, азаматтардың сенімін теріс пайдаланған. Біз жәбірленушілердің толық шеңберін анықтау бағытында жедел іс-шараларды жалғастырып жатырмыз. Қала тұрғындарын онлайн мәмілелер жасағанда, әсіресе пәтер жалдауға қатысты келісімдерде аса мұқият болуға шақырамыз», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.