Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасының Әділет министрлігімен келіссөз жүргізіп, Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбастан елге ерікті түрде оралуына мүмкіндік беретін бағдарлама мерзімін ұзартты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Енді отандастарымыз бұл жеңілдікті 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейін пайдалана алады.
Бағдарлама заңсыз жүрген азаматтарға құқықтық қиындықтарды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге көмектеседі. Алайда ол:
- қылмыс жасағандарға;
- мәжбүрлі түрде елден шығарылуы тиіс адамдарға;
2025 жылдың 1 желтоқсанынан кейін заңсыз мәртебеге түскендерге қолданылмайды.
Қатысу үшін қажет құжаттар:
- төлқұжат;
- ерікті елге оралу туралы өтініш;
- әуе билеті.
Кореяның иммиграция кеңселеріне ұшу күніне дейін 15–3 күн бұрын хабарлау жеткілікті.
Министрлік қазақстандықтарды шетелге тек заңды жолмен жұмысқа орналасуға шақырады. Бұл айыппұл, елден шығарылу, құқықтық шектеулер және еңбек қанауы сияқты тәуекелдерден қорғайды.
Сонымен қатар министрлік шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.