Елге заңсыз әкелінген 500-ден астам діни кітап тәркіленді

/
Елге заңсыз әкелінген 500-ден астам діни кітап тәркіленді
Polisia.kz

Жыл басынан бері Көлік полициясы діни әдебиетті заңсыз әкелу және тасымалдаудың бірқатар фактісін анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жедел алдын алу іс-шаралары барысында 575 дана діни басылым тәркіленді, олардың ішінде ел аумағында таратуға тыйым салынған 32 атау бар.

Бұл туралы Көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов хабарлады.

Оның айтуынша, Түрксіб станциясында Мәскеу–Бішкек бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде Қырғыз Республикасының азаматшасынан тыйым салынған материалдар тізіміне енгізілген діни кітап анықталып, тәркіленді. Осыған ұқсас құқық бұзушылықты Орал станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері де анықтады. 20 жастағы студенттен діни мазмұндағы 12 кітап тәркіленді, олардың бесеуі – тыйым салынған болып шықты.

Сонымен қатар Каир–Шымкент әуе рейсі ұшып келгеннен кейін көлік полицейлері Өзбекстан Республикасының 24 жастағы азаматынан заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып әкелінген 21 дана діни әдебиетті анықтап, ұстады. Барлық анықталған материалдар тәркіленіп, құқықбұзушылар жауапкершілікке тартылды.

– Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары өнімін, сондай-ақ өзге де діни мазмұндағы өнімді тиісті рұқсатсыз дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау және таратуға тыйым салынады және ол әкімшілік немесе өзге де жауапкершілікке әкеп соғады, – деп түйіндеді сөзін Қ.Мәжікенов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары