Абай облысында жасөспірімді автобустан мәжбүрлі түрде қараңғыда түсіріп жіберген

/
Абай облысында жасөспірімді автобустан мәжбүрлі түрде қараңғыда түсіріп жіберген
Абай облысы ПД

Абай облысының Полиция департаменті 26 қарашада Instagram әлеуметтік желісіндегі "mysemey" парақшасында жарияланған факті бойынша жүргізілген тексерістің нәтижесі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған арыз бойынша, №22 автобустың кәмелетке толмаған жолаушысы интернет байланысының жоқтығына байланысты жолақысын уақытында төлей алмаған. Байланыстың қалпына келуін күте тұруды сұрағанына қарамастан, кондуктор оны автобустан шығуын талап етіп, мәжбүрлі түрде қараңғы уақытта түсіріп жіберген.

Тексеру барысында 24 қараша күні ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қатынаған он алты жасқа толмаған жолаушының мәжбүрлі түрде түсірілгені анықталды.

Кондуктор кәмелетке толмаған жолаушыны қоғамдық көліктен күшпен түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл құқықбұзушылық үшін бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Полиция департаменті кәмелетке толмағандарды қоғамдық көліктен түсіруге жол берілмейтінін және бұл жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзу болып саналатынын атап өтті.

Тасымалдаушымен заң талаптарын сақтау және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Абай облысының Полиция департаменті балалардың қауіпсіздігі — сөзсіз басымдық екенін, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген құқықбұзушылыққа жол берілмейтінін еске салады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары