Қытайда 14 жастағы оқушы «аса қатыгездікпен» жасалған қылмыс үшін өмір бойына сотталды. Ақпарат Шэньчжэнь қаласының сот шешіміне негізделген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметіне қарағанда, жасөспірім өз сыныптасын алдын ала жоспарлап өлтірген. Ол бүктелетін пышақты дайындап, қызды оның үйінің кіреберісінде күтіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Дәрігерлер қыздың өмірін құтқара алмады.
Сот бұл қылмысты алдын ала ойластырылған және «аса қатыгездікпен» жасалған деп танып, бұл жағдайды ауырлататын мән‑жай ретінде бағалады.
Бұған дейін қытайлық БАҚ тергеушілерге сілтеме жасап, шабуылдың себебі қызға деген қызғаныш болуы мүмкін екенін жазған. Жасөспірім оның сабақтағы жетістіктерін қызғанып, өзін «менсінбей қарайды» деп ойлаған.
Айта кетейік, Қытайда 2021 жылғы реформадан кейін 12 жастан асқан балалар аса ауыр қылмыстар үшін толық қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.