Маңғыстаулықтар сәлемдемені жедел жеткізуге арналған «Alemgo» қосымшасын іске қосты

/
Маңғыстаулықтар сәлемдемені жедел жеткізуге арналған «Alemgo» қосымшасын іске қосты
Маңғыстау облысы ҚКО

Маңғыстаулық Арман Сатбеков мен Ерасыл Смағұлов жедел жеткізуге арналған «Alemgo» қосымшасын іске қосты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Alemgo» – жылдам әрі қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз ететін заман талабына сай мобильді қосымша. Жоба бүгінде халықаралық деңгейге шығып, әлемнің 56 елінде қолданылады.

Қосымша сәлемдемені жіберуші мен жолаушыны бір жүйеде байланыстырып,  әуе, теміржол және автобағыттар арқылы тиімді бағамен жеткізуге мүмкіндік береді. Қолданушылар қосымшада «Сәлемдемені жіберу» немесе «Сәлемдемені алу» қызметін таңдап, бағыт пен бағаны өзара келіседі. Жеткізу QR-код арқылы расталып, процестің барлығы цифрлық түрде тіркеледі.

«Alemgo» – постамат емес, жолаушылар көмегімен жедел жеткізуді қамтамасыз ететін жаңа формат. InDrive логикасына ұқсас болғанымен, платформа әуе, теміржол мен автобағыттарға бейімделген және де қалааралық такси функциясымен бірге ерекше бірыңғай сервисті ұсынады.

Барлық дизайн, логикалық құрылым және технологиялық шешімдер жергілікті IT-таланттардың жұмысы. Идея күнделікті «Кім ұшып бара жатыр?»  деген проблемадан шықты, бұл проблема Telegram чаттарда кең таралған. Бүкіл процесті бір цифрлық экожүйеге біріктіру қажеттілігінен шыққан. Қосымшаны басынан бастап құрастыруға бірнеше ай уақыт кетіп, жоба ресми түрде авторлық құқықпен қорғалған.

Қазір «Alemgo» қосымшасын 4 000-нан астам пайдаланушы жүктеп алған. Шамамен 3000 қолданушы App Storе, 1 000 қолданушы Google Play арқылы жүктеген. Платформада 300-ден астам тапсырыс орналастырылған. Монетизация іске қосылмағандықтан, орындалған жеткізілімдер бөлек тіркелмеген. Жеткізудің тиімділігі тіркелген курьерлер мен жүргізушілердің санына байланысты, осы себепті команда қосымшаны белсенді түрде жарнамалап, жаңа курьерлерді және жүргізушілерді тартуды жоспарлап отыр.

Қауіпсіздік мақсатында курьерлер мен жүргізушілер верификациядан өтеді. Жеткізу барысы QR-код арқылы расталып, чаттағы барлық жазбалар мен уақыт белгілері сақталады. Бұл тәсіл кездейсоқ чаттардан немесе әуежайда бейтаныс сұраушылар арқылы орындалатын жеткізуден әлдеқайда сенімді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары