Жүйрікке құрым жапқандай...

Жүйрікке құрым жапқандай...

Жүйрікке құрым жапқандай...
ашық дереккөзі
234

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ халқы шын мәнінде өркениетті мемлекет құра алатынына, экономикасы қарыштап дамитынына күмән келтірушілер, сенбейтіндігін БАҚ-тарда, күнделікті өмірде де ашық айтқан скептиктер аз болмаған.

Алайда өмірге деген оптимистік көзқарасын мәңгілік мақал-мәтелдерінде философиялық тұрғыдан әрі қысқа, әрі нұсқа етіп айтуға машықтанған жұртымыз «Ит үреді, керуен көшеді» дегенді дәтке қуат санады.

Арада жылдар өтті. Онша көп уақыт та емес. Тәуелсіздік құрдастары енді ғана ат жалын тартып мініп, қайран жиырма бес дейтін жастықтың ең бір қастерлі шағына таяп келеді. Осы жылдар ішінде елімізде тындырылған істер аз емес. Көзі барлар – көреді, санасы барлар қуанады.

Қазақтар іске асырған сан алуан істерді санамаламай-ақ, ең бастысы, Астана қаласын асқақтатқанымызды және оның іргесінде 100 мың гектарға созылған көк жасыл орман белдеуін жайқалтқанымызды мақтанышпен айтуға болады. Бұл – мықты мемлекет, іргелі ұлттың ғана қолынан келер іс. Сондай мақтаныш етуге толық қақымыз бар нысандардың бірі – Алматы метросы. Әрине, оның жиырма жылдан астам уақыт салынғаны, тым қымбатқа түскені туралы айтушылардың сөзінде де шындық бары рас.

Тіпті, өзімізге етене Алматы метросы таңдаулы деген Копенгаген, Дубай, бұл салада адамзаттың алдында тұрған Токио метроларынан нашарлау шығар. Өзгенің қаңсығын таңсық етіп үйренгендер қазақтар салған метродан мың-сан кемшілік тауып, тырнақ астынан кір іздер. Бірақ, өз қолыңмен егілген ағаш, өз қолыңмен тұрғызылған үйден қастерлі нәрсе жоқ екенін білетін қанағатшыл жұртпыз ғой.

Алматы метросының алғашқы бөлігі 2011 жылы 1 желтоқсанда, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында пайдаланылуға берілген. «2012 жылы Алматы метросындағы жолаушылар ағымы тәулігіне орташа есеппен 30-40 мың адам болады, кейінірек, 2015-2020 жылдары бұл көрсеткіш 300000 адамға дейін жетеді» деген болжамды «Алматықұрылыс» АҚ-ның директоры Мұрат Үкшебаев мырза да растаған еді.

Бір сөзбен айтқанда, метро күн сайын өсіп, өркендеп келе жатқан Алматы шаһарының басты күретамыры, маңызы аса зор стратегиялық нысан. Ең өкініштісі, мақтаныш еткен метромыз бұдан былай көз тартар әсемдігінен айрылып, сұрықсыз кейіпке түсетін сияқты. Соңғы күндері метрода едендегі қымбат мәрмәр тақталардың бетіне арзанқол резіңке материалдан жапсырма белдеулер жүргізілуде. Метро стансаларындағы  тазалау жұмыстары да тым сирек жүргізілетін сыңайлы. Бұл жаңалықты кім ойлап тапқанын кім білсін, әйтеуір жас қозының тоңғағы түстес әлгі жапсырмалар метроның бұрынғы көркінен жұрдай етіп, көзге шыққан сүйелдей болып тұрғаны күмәнсіз.

Метро қой қырқатын орын емес. Оның өз салтанаты, бастапқыда архитекторлар мен дизайнерлер жобалаған әсемдігі қаз-қалпында сақталуы керек екендігі баршаға мәлім. Осыған қарамастан мұндай көзге сорақы белдеулердің жүргізілуіне кім рұқсат бергені құпия болып қалуда. Метро қызметкерлері бұның қаупісіздік үшін жасалып отырғанын айтады. Алайда, исі сасық, әлден-ақ адамдардың табанымен қарақожалақ, сатал-сатал кейіпке түскен рәзіңке белдеулердің қандай қаупісіздікті қамтамасыз ететінін айтып бере алар ешкім жоқ.

Әрине, метро басшылары өздерінің еурожөндеу жүргізілген үйлерінің қабырғаларына саз балшықтан сары белдеу жүргізе қоймайтынына бәс тігуге болады, ал метроға көзге шыққан сүйелдей жапсырмаларды төсеуге назар аудармайтын сияқты. Әлде біреулер бұл уақытша жапсырмалар арқылы ақша табуды жоспарлап отыр ма екен, кім білсін?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары