Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы белгілі заңгер Мейірман Шекеевпен жұмыс істеп бастағаннан кейін аяқ асты шешімін өзгертіп, көмектен бас тартқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Заңгер бұл жағдайдың артында тұрған «Аты жоқ» адам тиіс тәсілдермен өзін бұл істен шеттеткенін айтты.
«Құрметті достар, сіздердің өтініштеріңізбен Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу ханым осында келіп, істің мән-жайын баяндады. Біз адвокаттармен бірлесе отырып, осында сөйлесіп, қай бағытта жұмыс істейтінімізді белгілеп, бұл істі өндірісіме алған болатынмын. Бұл жайлы мен бейнежазба жарияладым. Десе де біраз уақыт өткеннен кейін Айсұлу ханым мені бұл істен өкіл ретінде қатыспауымды сұрады.
Бұның артында «Аты жоқ» адам тұрғанын сеземін.
Ол адам өзіне тиіс тәсілдермен мені бұл істен шеттетті. Өкініштісі Айсұлу ханымның заңгерді таңдамай басқа адамдардың сөзін тыңдағаны. Іске кесірі тимесе екен деп ойлаймын. Қазіргі аввокаттар да өте кәсіби мамандар. Сондықтан адвокаттардың өздері істі алып шығады деген ойдамын.
Ал сіздерден кешірім сұраймын. Жағдай осылай болды. Бірақ қоғамның мүшесі ретінде және мұндай қиын жағдайда бейжай қалмайтын азамат ретінде бұл істі мен өзімнің назарымнан тыс қалдырмаймын. Айсұлу ханымға қандай да бір қатер төнетін болса, мен қол үшін беруге дайынмын», – деді заңгер.
Сондай-ақ Мейірман Шекеев іске өзін қатысқанын қаламаған “аты жоқ адам” жақында өзін білдіріп қалуы мүмкін екенін айтты.
«Мейрман істі тастап кетіпті, болмаса қорқып қалыпты- деген сияқты түрлі әңгімелер тарамас үшін, алдарыңызға шығып, шындықты айтуды жөн көрдім.
Біз бұл іске Руслан Өтепбай екеуіміз мұқтажда емес едік. Тек бар ниетіміз қолдан келгенше көмектесу еді. Халықтың өтінішін жерге тастамау еді. Айсұлу ханымның қазіргі өкілдері, әріптестерім Гүлмирамен Гүлзира ханымдарға сәттілік тілеймін.
Ал іске біздің қатысқанымызды қаламаған “аты жоқ адам” жақында өзін білдірер», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін марқұм Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу Айданқызы сұхбат беріп, отбасының пәтерінен айырылып қалуы мүмкін екенін айтты. Пәтердің құны – 140 млн теңге. Ал марқұм ұлының досы үйге 65 млн теңге салғанын айтып, сотқа жүгінген. Сот пәтерді босату туралы шешім шығарған.
Арман Дүйсеновтің әйелі сот шешіміне байланысты президенттен көмек сұрады. Ол пәтерді босату туралы сот шешімінің заңсыз екенін айтып, әділ шешім шығаруға ықпал етуін сұрап отыр. Сондай-ақ ұлы Абылай Арманұлының жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын айтып, тергеудің бір орнынан жылжымай тұрғанын жеткізді.