«Егер жарақат болмағанда, чемпион болып үлгеретін едім» – Шавкат Рахмонов

/
«Егер жарақат болмағанда, чемпион болып үлгеретін едім» – Шавкат Рахмонов
Фото: sports.kz

Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов журналист Ариэль Хельваниға берген сұхбатында соңғы бір жылдағы ең маңызды мәселелерді қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

«Қиын жыл болды, бірақ қазір жағдайым жақсы»

Рахмонов биылғы кезеңді оңай болмағанын мойындады. Оның айтуынша, жарақатпен күрес, ұзақ ем және қалпына келу процесі мансабын уақытша тежеген.

«Әртүрлі сынақ, әртүрлі проблема болды. Бірақ, әлхамдулилла, қазір бәрі жақсы. Жаттығып жүрмін, бабымды қайта жинап жатырмын. Дивизиондағы жағдайға қараймыз», – деді ол.

Бір қызығы, спортшы жарақатты жекпе-жек барысында емес, Гэрриге дейінгі кезеңде алғанын алғаш рет ашық айтты.

«Жарақат жекпе-жекте болған жоқ. Мениск пен бүйір байланыстағы жарақат бұрыннан болған. Сол күйі шықтым. Қатты дайындалғандықтан, шайқасты өткізуге тырыстым», – дейді ол.

Оның сөзінше, бастапқыда демалыс алу жеткілікті сияқты көрінген, алайда ол көмектеспегендіктен операция жасауға тура келген.

«Егер жарақат болмағанда, чемпион болып үлгеретін едім»

Шавкат келесі жекпе-жекке ақпан соңы – наурыз басында оралуға дайын екенін мәлімдеді.

«Дайындықсыз бірден айқасқа шығу – үлкен тәуекел. Толыққанды жаттығуға енді ғана қайта оралып жатырмын. Сол үшін ақпан–наурыз – ең қолайлы уақыт», – деді ол.

Сондай-ақ спортшы алғаш рет чемпиондық туралы ашық айтты:

«Егер жарақат болмағанда, бәлкім, қазір чемпион болып отыратын едім. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Маған чемпион болу жазылса – боламын. Жазылмаса – уақыт көрсетеді», – деді Рахмонов.

Махачевпен жекпе-жекке көзқарасы

Шавкат Ислам Махачевтің соңғы өнерін жоғары бағалай отырып, өзін фавориттердің қатарында көретінін жасырмады.

«Ислам Маддаленаны өте сенімді жеңді. Бірақ сұрақ бар: Ислам соншалық мықты болды ма, әлде қарсыласы мүлде қарсы әрекет көрсете алмады ма?. Онымен айқасуға да, жеңуге де мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Менде универсалдылық бар. Басқа көпшілікте ондай жоқ. Бой көрсетеді», – деді ол.

Иан Гэрриге жауап

Ирландиялық Иан Гэрри Рахмонов жекпе-жекте жарақат алды деп айтқан еді. Шавкат бұл пікірді жоққа шығарды.

«Мен жарақатты Гэрриден алған жоқпын. Бұрыннан бар еді. Жаттығудағылар да, UFC физиотерапевттері де біледі. Гэрри жарақатсыз жүрді, сондықтан белсенді болды. Ал менде мұндай мүмкіндік болмады», – деді спортшы.

Ол Гэрридің соңғы жеңістеріне құрмет білдіре отырып, өзара реванштың нәтижесі өзгермейтініне сенімді.

«Барыс» ордені және мотивация

Шавкатқа биыл «Барыс» II дәрежелі ордені табысталды. Спортшы мұны үлкен құрмет санайтынын айтты.

«Қазақстанда еңбегімді бағалағанына қуандым. Бұл – үлкен мотивация. UFC чемпиондық белбеуін Қазақстанға әкелуге тырысамын», - деді Рахмонов.

Ол жанкүйерлердің қолдауы ерекше күш беретінін және әр жекпе-жекте қазақстандықтардың қуанышы үшін айқасатынын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары