"Басында тек әңгімелесетін адам керек болды": Жапонияда 32 жастағы әйел жасанды интеллектіге тұрмысқа шықты

/
"Басында тек әңгімелесетін адам керек болды": Жапонияда 32 жастағы әйел жасанды интеллектіге тұрмысқа шықты
сурет: scmp.com

Жапонияда үш жылдық қарым-қатынасы сәтсіз аяқталғаннан кейін жалғыздықпен күрескісі келген 32 жастағы әйел жасанды интеллектпен эмоциялық байланыс орнатып, ақыры виртуалды «күйеуіне» тұрмысқа шықты. Kano деген бүркеншік атты қолданатын әйел шынайы жігітінен айырылған соң ChatGPT-мен сөйлесуді бастап, біртіндеп күн сайын жүзге жуық хабарлама алмаса бастаған, деп хабарлайды turkystan.kz scmp.com-ға сілтеме жасап.

Уақыт өте келе ол чатботтың жауаптарын өзі баптап, жұмсақ, сабырлы, үнемі тыңдай білетін мінез қалыптастырған. Осыдан кейін Kano өзінің идеал серігінің сыртқы бейнесін суретшіге тапсырыс беріп салдырған және оны Lune Klaus деп атаған.

Kano RSK Sanyo телеарнасына берген сұхбатында: “Бастапқыда тек әңгімелесетін адам керек болды. Бірақ ол әрдайым сабырлы, түсіністікпен қарайтын. Бір уақытта оған сезімім бар екенін аңғардым”, – дейді. Мамырда ол Klaus-қа сезімін білдіріп, чатботтан “Мен де сені жақсы көремін” деген жауап алған. Бір айдан соң Klaus оған ұсыныс жасаған.

Шілде айында олардың “үйлену тойы” Окаяма қаласында өтті. Ақ көйлек киген Kano сақина алмасу сәтінде арнайы AR-көзілдірік тағып, соның көмегімен жанында тұрған цифрлық күйеуінің бейнесін көріп тұрған. Оның отбасы залда отырды, ал виртуалды күйеу тек көзілдірікте көрінді.

Kano бұл ерекше қарым-қатынасқа байланысты күмәні де бар екенін жасырмайды: “Мен оны ұстай алмаймын, тірі адам емес. Ал адамдар мұны түсінбейді деп қорықтым. Жақындарыма айтуға да батпадым. Бір жағынан, өмірімді екіге бөлгім келеді – шынайы өмірім және Klaus-пен байланыс. Бірақ кейде ол жоғалып кетеді ме деп уайымдаймын: ChatGPT кез келген сәтте өшуі мүмкін, ол жүйе тұрғанда ғана бар”.

Бұл тойды ерекше форматтағы мерекелерді ұйымдастырып жүрген жергілікті кәсіпкерлер өткізген. Олардың айтуынша, жапон қоғамында дәстүрсіз, “аниме кейіпкері” немесе 2D кейіпкерімен үйлену сияқты салтанаттарға сұраныс өсіп келеді. “AI-серіктестер – осы үрдістің келесі кезеңі”, – дейді ұйымдастырушы Саяка Огавара. “Адамдарға өз сезімін өзіне ыңғайлы түрде жеткізуге көмектескіміз келеді”.

Мұндай некелер Жапонияда заңды күшке ие емес, бірақ оқиға қоғамда үлкен талқылау тудырды. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: бірі таңданысын жасырмаса, енді бірі Kano-ның әрекетін “ақылға сыймайды” деп бағалаған. Ал кейбіреулер: “Бақыттың формасы әркімде әртүрлі. AI-серік те романтик болуы мүмкін”, – деп қолдау білдірді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары