Токиода өтіп жатқан XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындар аясында еркін күрестен сайыстар өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды: бір «алтын», бір «күміс» және үш «қола», деп хабарлайды turkystan.kz.
65 келіге дейін салмақ дәрежесінде Шадияр Пернеш Сурдлимпиада чемпионы атанды. Финалдық белдесуде ол ирандық Кейван Ростамабадиді 4:2 есебімен жеңіп, Қазақстанға осы күрес түрінде жалғыз алтын медальді алып келді. Шиеленісті финал соңында Пернеш өз эмоциясын жасырмады. Оның айтуынша, бұл алтын — өзінің спорттық жолындағы «ең көп күткен әрі ең қымбат» жеңісі.
57 келіге дейін салмақта финалға шыққан Габит Есжанов ирандық Мохаммад Шиавошимен белдесіп, 6:15 есебімен есе жіберді. Осы нәтижемен ол Сурдлимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
Қазақстан қоржынына үш қола медаль түсті:
- Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) алдымен бейтарап спортшы Алексей Калесныйды 22:8 есебімен жеңіп, кейін Денис Трегубенкомен болған қола үшін белдесуде 11:0 нәтижесімен басым түсті.
- Сабыржан Рсалы (86 кг) грек балуаны Николаос Иосифидисті 16:5 есебімен ұтты.
- Қайратхаан Шонқу (125 кг) үндістандық Ган Шьямды 12:1 есебімен техникалық басымдықпен жеңіп, қола медаль иегері атанды.
97 келіге дейін салмақтағы қола белдесуінде Бексұлтан Малайдар ирандық Ерфан Саттариге жол берді.