Бестерек ауылындағы қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметінше, іс ашық режимде қаралады.
— Қазіргі уақытта материал алдын ала тыңдау сатысында, негізгі сот отырыстарының даталары әлі белгіленген жоқ. Үкім жарияланғаннан кейін ғана судья процесс бойынша түсініктеме бере алады — бұл сот істерін жүргізу тәртібі, — деп нақтылады сот өкілдері.
Сот отырыстары тағайындалғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі.
Еске салайық, Бестерек ауылындағы қайғылы оқиға Үржар ауданында 19 тамызда болған. Toyota маркалы автокөліктің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр жерде ойнап жүрген балаларды қаққан. Оқиға салдарынан екі бала оқиға орнында, біреуі — медициналық мекемеге барар жолда көз жұмды. Тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді. Президенттің тапсырмасымен Абай облысына медициналық көмек көрсету үшін әскерилердің ұшағы жіберілген еді.