12 қараша күні сағат 16:20-да Тараз станциясында скутер жүргізушісі келе жатқан пойыздың алдын кесіп өтпек болған. Шлем киген ер адам скутермен вагондар жақындаған сәтте жолға шығып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Теміржол қызметкері ысқырықпен ескерту беріп, вагондарды тоқтатуға пәрмен берген. Пойыз жақындап қалғанын көрген ереже бұзушы скутерін тастап, оқиға орнынан қашып кеткен.
«Нәтижесінде пойыз скутерге соғылды. Вагондар мен жоғарғы жол құрылымында зақымданулар тіркелген жоқ, зардап шеккендер жоқ. Ақпарат Тараз станциясының желілік полиция бөліміне берілді», – делінген «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
ҚТЖ скутер және басқа да көлік құралдарының иелерін теміржол инфрақұрылымы аймағында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Қозғалыстағы пойыздардың алдын кесіп өту әрекеттері өмір мен қауіпсіздікке қауіп төндіреді.