АҚШ Ауғанстанға әлемдегі ең қуатты GBU-43 бомбасын тастады

АҚШ Нангахар ауған провинциясына әлемдегі ең қуатты ядролық емес бомба тастады. 13 сәуірде Пентагонның хабарлауынша, GBU-43 бомбасы жергілікті уақытпен сағат 7:32-де Пәкістанмен шекараға жақын Ачин ауданындағы «Ислам мемлекеті» содырларының үңгір кешеніне тасталды, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі. 

Пентагонның баспасөз хатшысы Адам Стамптың мәлімдеуінше, GBU-43 бомбасы тарихта бірінше рет қолданылды. Оның қуаты – 11 тонна тротил эквивалентіне тең, жою радиусы – 140 метр.

Ауғанстан президенті әкімшілігінің хабарлауынша, операция барысын екі елдің билігі алдын-ала келіскен.

Бұл бомбаның алдағы уақытта тағы қандай жанжал ошақтарында қолданылатыны белгісіз.

GBU-43 – фугис типті ядролық емес авиациялық бомба, америкалық әскер 2000-жылдардың басында жасаған, «Бомбалардың анасы» деп те атайды.

Бір апта бұрын АҚШ сириялық үкіметтің Шайрат әуе базасын әуеден соққылады. 7 сәуірде АҚШ 59 «Томагавк» тастады. Қару қолдануға АҚШ президенті Дональд Трамп бұйрық берді.

Back to top button