«Жан түршіктіреді»: Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тың деректер шықты

/
«Жан түршіктіреді»: Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тың деректер шықты
Ғаламтор

Адвокат Жанна Оразбақова былтыр Германияда кісі қолынан қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты жан түршіктірер тың мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«2024 жылдың 3 маусымында Айгүлдің анасы қызымен соңғы рет сөйлескен. Осыдан кейін ол хабарламалар мен қоңырауларға жауап бермей қойған. Айгүлдің отбасы күйеуі Александрға қоңырау шалған, бірақ ол тек немқұрайлы жауап беріп, ештеңе білмейтінін айтқан. Айгүлдің жоғалғаны туралы арызды оның ағасы консулдық арқылы берген. Кейін ағасы Германияға ұшып барып, еріктілермен бірге өз бетінше іздеуді бастайды. Тек 16 маусымда Айгүлдің денесі ормандағы көл маңынан көптеген пышақ жарақаттарымен табылған. Айгүл ерекше қатыгездікпен өлтірілген, оның денесі қылмыс орнынан көлге жеткізілген. Өлген кезде Айгүл жүкті болған — жүктіліктің 24-аптасы, яғни шамамен 7-ші айы еді. Күйеуі Александр Донцов оның жоғалуына ешқандай алаңдаушылық танытпаған, іздеген де жоқ, полицияға да жүгінбеген. Дене табылған соң қорқынышты деректер анықталды: Айгүл күйеуі мен енесінің тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, ол бұл туралы бірнеше рет құрбыларына айтып, денесіндегі жарақаттардың суреттерін жіберген. Неміс тергеу нұсқасы бойынша басты күдікті — Александрдың анасы Наталья Донцова болып шығады. Ол Айгүл жоғалған түні елден ұшып кеткен, ал оған таксиді ұлы өзі шақырған.

Сот-медициналық сараптама шошытты:

Қылмыс кем дегенде екі түрлі қарумен жасалған болуы мүмкін, себебі денеде өткір және доғал/жартылай өткір заттардың әсерінен пайда болған жарақаттар бар.

Бас сүйегінің артқы тұсына тиген қатты соққы Айгүлдің есінен тануына себеп болуы мүмкін, ал бұл жарақатты қолында пышақ ұстаған Наталья Донцованың салуы мүмкін емес.

Айгүлдің бетінде, мойнында және денесінде көптеген пышақ және кесілген жарақаттар табылған.

Қолдың екі жағында, әсіресе бүгілетін жерлерінде көптеген кесілген және шаншылған жаралар болған, сондай-ақ саусақтардың арасында және буын тұстарында терең жаралар анықталған», - деп жазды ол желідегі парақшасында.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары