Алматыда «Тұтынушылардың құқығын қорғау» әлеуметтік жобасы өз мәресіне жетті

/
Алматыда «Тұтынушылардың құқығын қорғау» әлеуметтік жобасы өз мәресіне жетті
«AMANAT» партиясы

Алматы қаласында тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Тұтынушылардың құқығын қорғау» әлеуметтік жобасы өз мәресіне жетті. Жоба Алматы қалалық «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен, Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ағымдағы жылдың сәуір-қазан айлары аралығында жүзеге асты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба аясында Алматы қаласындағы 12 жетекші оқу ордасында 1000-ға жуық студент қатысқан дәрістер мен семинарлар өткізілді. Жастарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері мен заң нормалары, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.

Дидарбек Ділдәбек, «Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы:

«Жастардың құқықтық сауаттылығы мен білімінің артуы - біз үшін аса маңызды. Бұл жобаның мақсаты - тек қана заңдарды түсіндіру емес, жастарды тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Әрбір жас азамат өз құқығын қорғап, әділ сауда мен сапалы қызметті талап етуге мүмкіндік алуы тиіс», - деді Дидарбек Ділдәбек.

Алматы қаласының 50 сауда нысаны мен қоғамдық орындарында өткізілген ақпараттық акциялар ауқымды болды. Осы акциялар арқылы 2000-нан астам тұрғынға тұтынушылардың құқықтары мен әділ нарық қағидалары туралы кеңестер берілді. Бұл шаралардың басты мақсаты - азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, тұтынушының құқықтарын қорғау жолдары туралы хабардар ету болды.

Зерттеулер көрсеткендей, Алматы қаласының тұрғындарының 70%-ы әлі күнге дейін өз құқықтарын толық білмейді. Қазақстанда жүргізілген тәуелсіз зерттеулер бойынша, тұтынушылардың құқықтарын бұзу мәселесі еліміздегі ең кең таралған құқық бұзушылықтардың бірі болып табылады. 2024 жылы Қазақстан тұтынушылар одағының мәліметі бойынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты 4000-нан астам шағым түскен. Бұл мәселелердің көпшілігі сапасыз қызмет көрсету мен әділ емес саудадан туындайды. Жоба осы мәселелерді шешуге арналған нақты қадамдар ұсынды.

Жоба аясында іске қосылған жедел желі 150-ге жуық сауалға жауап беріп, тұрғындарға нақты заңды кеңестер ұсынды. Жедел желіге келіп түскен сұрақтардың көбісі онлайн-сервис пен дүкендердегі тұтынушы құқығының бұзылуына қатысты болды. Тұтынушылар өздері кезігетін мәселелер туралы бейнемазмұндар мен ақпараттық роликтер арқылы нақты әрі жылдам жауап ала алды. Қазірдің өзінде жоба туралы бейнероликтер 5000-нан астам көрілім жинады, бұл қоғамның тұтынушылардың құқықтарын қорғауға деген қызығушылығын көрсетеді.

Жобаның ұйымдастырушылары Алматы тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды әділ нарық қалыптастыру үшін маңызды қадам деп санайды. Олар қоғамды жаңа заңнамалық өзгерістер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тәсілдері туралы тұрақты түрде ақпараттандыруды мақсат етіп қойған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары