Ауыр жол апатынан аман қалған адам Ақтөбе облысынан Астанаға ТЖМ ұшағымен жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
23 қазан күні Ақтөбе облысының Белқопа ауылы маңында DAF жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдаған «ГАЗель» көлігі соқтығысты. Алдын ала деректер бойынша, жүк көлігі қарсы жолаққа шығып кеткен. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты, олардың ішінде – 3 жастағы бала, 9 жастағы оқушы және екі жүргізуші бар.
28 қазан күні ТЖМ «Қазавиақұтқару» әуе қызметінің ұшағы Ақтөбе – Астана бағыты бойынша санитарлық рейс жасады. Бортта жол апатынан аман қалған 50 жастағы ер адам болды. Оның жағдайы шұғыл түрде елордаға жеткізуді талап еткен.
ТЖМ баспасөз қызметі хабарлағандай, ұшақ толықтай санитарлық мақсаттарға бейімделіп, ұшу барысында медициналық көмек көрсетуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«ТЖМ ұшағының экипажы мен медициналық бригада науқасты қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етті. Рейс сәтті өтті. Ер адам Астанаға жеткізіліп, енді елордалық мамандардың бақылауында ем қабылдайтын болады», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Бұған дейін Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, қайғылы оқиғадан кейін бір күн өткен соң санитарлық авиацияның тікұшағымен зардап шеккен үш адам Хромтау аудандық ауруханасынан Ақтөбеге жеткізілген. Олардың арасында – комада жатқан 16 жастағы оқушы бар. Күні кеше тағы зардап шеккен үш адам облыс орталығына жеткізілді.