279
Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын
Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі және V Халықаралық «Демалыс әлемі 2017» туристік көрмесіне қатысу шеңберінде бірқатар екі жақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында мәдениет, спорт және туризм саласындағы екі елдің өзара ынтымақтастығын кеңейту мәселелері қарастырылды.
Өзбекстан Республикасының туризмді дамыту бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Анвар Шараповпен кездесу барысында қазақстандық ведомства басшысы туризмді дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі екендігін атап өтті.
Кездесу қатысушылары стратегиялық серіктестік пен тату көршілестік қатынасты нығайту екі елдің туристік саласының тұрақты дамуына әсер ететіндігін атап өтті.
Қазақстандық ведомства басшысы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы туристер ағынын ұлғайту үшін, екі жаңа өткізу пункті ашылып, қазіргі үшеуі – тәуліктік режимге көшетіндігін атап өтті.
Екі ел арасындағы теміржол және автобус бағыттарының ашылуы екі елге де туристік ағынның өсіміне әсер етеді. Алматы – Ташкент, Ташкент – Алматы бағыты бойынша жүрдек пойызы іске қосылды. Астана – Ташкент қосымша рейстері ашылды. Астанадан 6 рейс күнделікті қатынайтын болады. Екі елдің туристік ағыны визасыз режимнің әсерінен тұрақты деңгейде.
Соңғы уақытта Өзбекстанға барып-келетін қазақстандықтардың саны өсуде. Өзбекстандық туристердің басым көпшілігі Бурабайға, Балхаш пен Алакөл көлдеріне, «Шымбұлақ» шаңғы курорт базасына, Астана мен Алматы қалаларына келсе, қазақстандық туристер Ташкент, Самарқанд, Бұхара мен Хиваны таңдайды. Бұл қалалар Өзбекстанның көне тарихи мұрасы әрі Ұлы Жібек Жолының маңызды бағыты болып табылады. Осы жылы «Астана – ЭКСПО2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты өзбек туристері тарапынан қызығушылық байқалуда.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз – біздің президент Шавкат Мирзиеевтің Астанаға жасаған тарихи сапарының заңды жалғасы. Қазақстан көрмедегі құрметті қонағымыз болып табылады, осы іс-шара барысында екі ел арасындағы туризм саласындағы келісімге қол қойылатын болады. Бұл Өбекстан экономикасының дамуына қосылатын үлкен үлес» - деп атап өтті Анвар Шарапов.
Ведомства басшылары Ұлы Жібек Жолы бойынша аралас турларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Екі елдің туристік әлеуетін ескерсек, тараптар туризм саласындағы ынтымақтасты дамыту керек деген ортақ пікірге келді.
А. Мұхамедиұлының пікірінше, туризм саласындағы ынтымақтастық экономикалық қатынастардың нығайтып қана қоймай, мәдени, әлеуметтік
және экологоиялық салалардағы екі ел ынтымақтастығын дамытуға әсер етеді.
Өзбекстан Республикасының мәдениет министрі Махмуд Муратовпен кездесу барысында қазақстандық ведомства басшысы театр өнері, кино және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастықтарға қатысты мәселелерді талқылады.
Осы күні А. Мұхамедиұлы Өзбекстан Республикасының дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы Рүстам Құрбановпен кездесті. Спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев «Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық Қазақстан мен Өзбекстанның өзара қарым-қатынасының маңызды бір тармағы болып табылады. Арыстанбек Мұхамедиұлының сапары ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі аясында ғана емес, туризмді дамыту шеңберінде біздің ортақ жобаларға жаңа серпін берді. Біз Орта Азия аумағындағы қозғаушы күш болып алатын туристік саладағы өсімді дамытуға тырысамыз. Өзбекстанда қазақстандықтар үшін қызығушылық тудыратын бірегей тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Ал, өзбек туристері Астана, Түркістан, Алматы, Бурабай сияқты жерлерге қызығушылық білдіруде. Сондықтан, жаңа бағыттарды ашу туристік саладағы серпін болады» - деп атап өтті.