Бүгін Ақордада Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, еліміздің маңызды жетістіктеріне тоқталды. Баса тоқталған мәселесі – жасанды интеллект болды. Президенттің айтуынша, жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастырып отыр.
«Higgsfield AI стартапы – биылғы айтулы жетістіктердің бірі. Оны Қазақстанның алғашқы «сыңармүйіз» стартапы деуге болады. Әдетте жаһандық нарықта бір миллиард долларға немесе одан да қымбатқа бағаланған компанияларды осылай атайды.
Бұл бірегей жобаның негізі Astana Hub алаңында қаланған болатын. Мұны математика және физика пәндерінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық олимпиада жеңімпаздары, дарынды энтузиастар жасады. Осындай мықты азаматтар – еліміздің келешегі.
Жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастыруда. Ал жаңашылдық – ұлттық сипатымыздың маңызды қырына айналды. Демек, мемлекет қолдау көрсетсе, білімді, еңбекқор балаларымыз бен немерелеріміз әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер жасай алады.
Алайда бірлі-жарым табысқа тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан Сондықтан Үкіметке келешегінен үміт күттіретін отандық стартаптардың нарықта лайықты орнын табуына көмектесетін заманауи, тиімді экожүйе құру міндеті жүктелді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс екенін атап өтті.
«Қазақстан цифрландыру көрсеткіші бойынша дүниежүзілік индекстерде жоғары орындарды иеленеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ, ең бастысы, болдық, толдық деуге болмайды. Әлемдегі ең жоғары талаптарға сай келетін заманауи экономиканы дамыту үшін ғылыми-техникалық прогресті жіті бақылап отыру қажет. Сондықтан біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні жан-жақты енгізуді мемлекет дамуының басым бағыты ретінде белгіледік.
Қазақстанның жаһандық озық үрдістерден кейін қалуына болмайды. Әйтпесе, замана көшіне ілесе алмаймыз. Ал оның салдары өскелең ұрпаққа тиюі мүмкін.
Жұмыс басталды. Алғашқы ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. «Қазақтелеком» базасында тағы бір суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. AI Sana бағдарламасы және ауқымды Alatau City жобасы қолға алынды. Аталған бағыттағы аса маңызды жұмысты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр.
Стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс.
Уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Креатив пен инновация өсімнің арқауы, ал зияткерлік капитал елдің бәсекеге қабілеттілігінің өзегі болуға тиіс»», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу – аса маңызды міндет екеніне де тоқталды.
«Жасанды интеллект дәуірінде жаңа салалар мен бизнес түрлері міндетті түрде пайда болады. Бұл ойлы, алғыр жастар үшін нағыз жарқырай көрінетін сәт. Мемлекет пен қоғам жас таланттарды қолдауы керек. Біз мұны міндетті түрде іске асырамыз.
Азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу – аса маңызды міндет. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлеріміздің идеялары мен стартаптарына инвестиция құйып, олардың өнімін тұтыну арқылы отандық өндірушілерді қолдаған жөн. Халқымыздың ауызбіршілігі осыдан да көрінеді.
Қазір біздің ұлттық нышандарымыз, яғни брендтеріміз көбейіп келеді. Ұлттық өнім дегеніміз, бұл – ең алдымен, елімізді бүкіл әлемге паш ету деген сөз. Сондықтан «Made in Qazaqstan» таңбасы сапа мен сенім белгісі болуға тиіс.
Біздің тауарларымызға шетел азаматтарының қызығушылығы артып жатыр. Бұл отандық бизнестің өсіп-өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Компанияларымыз жаһандық нарыққа шығып, кәсібін өрістетіп жатыр. Олар Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан озық ел ретінде танытуда.
Адал кәсіпкерлерді отаншылдығын нақты іспен көрсетіп жүрген азаматтар деп атаған жөн. Себебі олар табанды еңбекпен көптеген жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мол үлес қосуда. Осындай орта және шағын бизнес өкілдерін қолдау мемлекет саясатының басымдығы болып қала береді», – деді Президент.