Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан қола жүлдегер атанды

/
Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан қола жүлдегер атанды
туризм және спорт министрлігі

Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан әлем кубогында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өткен жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы жергілікті команданы 3:1 есебімен (25:23, 25:18, 15:25, 25:23) тізе бүктіріп, турнирдің үздік үштігіне енді. Кубоктың жеңімпазы – Мысыр командасы, ал күміс жүлдені Бразилия алып кетті.

Топтық кезеңде Қазақстан ұлттық құрамасы Италия (3:0), Польша (3:0), Канада (3:0), Франция (3:0) мен Тайланд (3:0) командаларын жеңіп, жартылай финалда Мысыр құрамасына (0:3) жол беріп қойды.

"Қазақстан құрамасы әлемдік аренада жаңа белестерді бағындыруда. Биыл команда алғаш рет Азия чемпионы атанды, енді міне, әлем кубогында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл – тек спортшылар мен жаттықтырушылардың емес, бүкіл команданы қолдаған мемлекеттің, серіктестер мен жанкүйерлердің ортақ еңбегі", – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.

Айта кетсек, әлем кубогында 14 ерлер және 6 әйелдер құрама командалары қатысты. Бұл турнир 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңіне маңызды рейтингтік ұпай беретін жарыстардың бірі болып саналады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары