АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласының тұрғындары арасында үрей күшейді. Олар қалада маньяк пайда болды деп санайды. Себебі жыл басынан бері тек бір ғана су қоймасынан 16 адамның денесі табылған , деп хабарлайды turkystan.kz.
Хьюстон полициясының дерегінше, соңғы бес күннің ішінде өзеннен бес мәйіт табылған.
«Кездейсоқтық па? Бұл өте күмәнді. Әрбір істі мұқият тергеу орынды, соның ішінде жоғалғандардың денелері табылғанға дейінгі соңғы 48 сағаттағы жағдайларды да тексеру қажет», — деді Нью-Йорк полициясының отставкадағы сержанты, Пенсильвания штатының Лихай Вэлли университетінің қылмыстық құқық профессоры.
Алайда Хьюстон мэрі Джон Уитмайр жұртшылықты сабыр сақтауға шақырып, «қалада сериялық кісі өлтіруші бар екенін дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ» деп мәлімдеді. Ол табылған мәйіттер үйсіз жандар болуы мүмкін екенін айтты.
«Өкінішке қарай, үйсіз адамдар қайтыс болғанда, олардың денелері көбіне батпақ не су қоймаларынан табылады», — деді мэр.
Хьюстон полиция департаментінің кісі өлтіру істерін тергеу бөлімінің жетекшісі Салам Зияның айтуынша, ең жас құрбанның жасы — 20, ал ең үлкені — 60 жаста болған.