Шығыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Вандализмге жол жоқ!» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараның мақсаты – Самар тасжолы бойындағы 10 шақырымдық таулы аумақта вандализмнен сақтау, қоршаған ортаны тазарту және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұсақ бұзақылық пен вандализмге қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесу керек екенін атап өткен еді. Соңғы кезде вандализм, әсіресе, қорықтар, табиғи саябақтар мен киелі орындарда орын алған келеңсіз оқиғалар туралы хабарламалар жиілеп кетті. Сондықтан тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында, сондай-ақ еліміздің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру үшін «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты тұмса табиғатты қорғауға бағытталған акцияны бастады.
Акцияға «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшсының орынбасары Аманбай Нүркенов, қалалық мәслихат депуатты Екатерина Смирнова, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, белгілі блогер Вячеслав Орлов, «Таza Qazaqstan» road-эстафетасының амбассадоры Ясса Танир, Құмаш Нұрғалиев атындағы колледж студенттері, сондай-ақ белсенділер қатысты. Іс-шара қатысушылары таулы аймақтар мен жол бойындағы 100-ден аса жартасты бояулар мен түрлі жазудан тазартып, қоқыс жинады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқиға орнында құтқарушылар кезекшілік етті, бұл тазалық жұмыстарын қауіпсіз әрі үйлесімді өткізуге мүмкіндік берді.
«Жастар Рухы» жастар қанаты Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қорлан Тұғамбаеваның айтуынша, бұл іс-шара вандализмге қарсы жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
«Бүгін бізбен бірге шыққан жастар бұл іс-шарадан көп ой түйді деп сенемін. Олар енді таулар мен жартастарды сызуға, бояуға болмайтынын, табиғатты қорғаудың маңызын жақсы түсінеді. Бұл акция тек Өскеменмен шектелмейді. Біз облыс аумағындағы әр ауданда және ауылдарда осындай іс-шараларды жалғастырамыз», – деді ол.
Блогер Вячеслав Орлов мұндай игі бастамаларға бұған дейін де отбасымен бірге қатысқанын атап өтті.
«Біз отбасымызбен бірге «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, Катонқарағай мен Марқакөл өңірлерінде бірнеше аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартқан болатынбыз. Бұл жолы бастама «AMANAT» партиясы қолдауымен Согра кентінде өтті. Акцияға қатысушыларды үш командаға бөліп, жарыс түрінде ұйымдастырылды», – деді ол.
«Таza Qazaqstan» road-эстафетасының амбассадоры Ясса Танирдің айтуынша, акция кезінде жартастарға сіңіп қалған бояуды тазалау оңай соқпаған.
«Бала күнімде альпинизммен айналысып, осы жартастарға шығып жаттығатынмын. Бүгін сол тастарды жастар арнайы құралдармен тазалап жүр. Расында, сурет салып, жартастарға нұқсан келтіру – бір сәттік іс, ал оны тазалау – ауыр еңбек. Мұндай әрекеттер табиғатқа зиян. Бояулар мен химиялық заттар экологияны ластап, табиғи үйлесімділікті бұзады. Сондықтан ондай әрекеттерге жол бермеу керек», – деді ол.
Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осы акция, еліміздегі тарихи, мәдени және табиғи мұраны қорғауды көздейді. Бұған дейін 4 мыңнан астам волонтер 760-тан астам тарихи нысанды, ескерткіштер мен киелі орындарды тазалады. Олардың қатарында Тасбақа Тас, Жұмбақтас, Тамғалы Тас сынды киелі орындар да бар.
Сонымен қатар Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары «ҚР Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заң аясында вандализм әрекеті үшін жауапкершілікті күшейту туралы түзетулер пакетін қабылдады.
Қылмыстық кодексте вандализм үшін жаза күшейеді. Айыппұл 200 АЕК-ке дейін өседі (шамамен 740 мың теңге), сонымен қатар 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Бұл ретте, ірі құқық бұзушылықтардан басқа, заң жобасында ұсақ бұзақылыққа да қатысты жазаны күшейту көзделген.