Халық арасында «адыраспан» деп аталатын гармала көрші елде есірткілік зат болып саналады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ресейдің Қорған облысында Қазақстан азаматы ұсталды. Ол шекарадан 120 грамм кептірілген адыраспанды алып өтпек болған.
«Ер адам Ресей аумағына жүк көлігімен кірген. Кабинадан адыраспан табылды. Сараптама нәтижесінде құрамында гармин есірткі заты бар екені анықталды. Ұсталған азамат кептірілген шөпті жеке пайдалану үшін алып келе жатқанын айтты», — деп хабарлады Түмен кеден қызметі.
Қазақстан азаматына қатысты ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз тасымалдау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Адыраспан — Орталық Азияда ежелден көз тиюден сақтайтын және салттық рәсімдерде қолданылатын өсімдік болғанымен, Ресейде ол бақылауға алынған есірткілік зат ретінде танылған.