"Орманда тұрып жатыр": Нобель сыйлығының иегері өзінің марапат алғанын әлі білмейді

/
"Орманда тұрып жатыр": Нобель сыйлығының иегері өзінің марапат алғанын әлі білмейді
сурет: Fred Ramsdell/Creative Commons

Биылғы медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген америкалық ғалым Фред Рамсделл өз жеңісі туралы әлі білмеген. Себебі ол интернет пен байланыстан толық ажырап, «жақсы өмір сүру» үшін орманға кетіп, цифрлық детокс жасап жүрген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рамсделл Сан-Францискодағы Sonoma Biotherapeutics зертханасының аға ғылыми кеңесшісі. Зертхана өкілдерінің айтуынша, Нобель комитеті ғалыммен байланыса алмаған, өйткені ол «байланыс аясынан тыс» өмір сүріп жатыр.

Фред Рамсделл медицина саласындағы Нобель сыйлығын Сиэтл қаласындағы Мэри Брункоу және Жапониядағы Осака университетінің профессоры Симон Сакагаутимен бірге иеленді. Үшеуі де иммундық жүйенің жұмыс істеу механизмін зерттеп, ағзаны өзіне қарсы шабуылдан қорғайтын реттеуші Т-жасушаларды (regulatory T-cells) анықтаған.

Бұл жасушалар иммундық жүйенің шамадан тыс белсенділігінің алдын алады, яғни ағзаны аутоиммундық аурулардан қорғайды. Ғалымдардың еңбегі жаңа терапиялық тәсілдер мен клиникалық сынақтарда зерттеліп жатқан ем түрлерінің дамуына жол ашты.

Рамсделлдің әріптесі әрі досы, Sonoma Biotherapeutics зертханасының тең құрылтайшысы Джеффри Блюстоунның айтуынша, ол да ғалыммен хабарласа алмай отыр.

«Мен өзім де оған бірнеше күн бойы хабарласуға тырыстым. Әзірге нәтиже жоқ. Әрине, ол Идахо штатындағы таулы аймақтарда жаяу жорықта жүрген болуы мүмкін», – деді ол AFP агенттігіне.

Нобель комитеті Брункоумен де бірден байланыса алмаған. Себебі АҚШ-тың батыс жағалауы мен Стокгольм арасындағы уақыт айырмасы – 9 сағат. Алайда кейін ғалым комитетпен сөйлесіп, жаңалықты растаған.

Ал үшінші лауреат жапон ғалымы Симон Сакагаути 1995 жылы иммундық жүйедегі бұл ерекше жасушаларды алғаш ашқан. 2001 жылы Фред Рамсделл мен Мэри Брункоу олардың ағзадағы қызметін толық сипаттап шыққан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары