253
«Карл Винсон» Кореяға бұрылды
«Карл Винсон» Кореяға бұрылды
Осыдан бір ай бұрын ғана «Карл Винсон» Корея түбегінде болған. Бірақ осы жолы ол жалғыз емес, әуе тасығыштың жанында екі эсминец пен баллистикалық зымырандарды жоюға арналған крейсер бар. Ренхап агенттігінің мәліметінше, бағытын өзгерткен америкалық эскадра түбек маңайына орналасады. Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігінің өкілі Мун Сан Гюнның мәліметіне қарағанда, бұл қауіпсіздік шаралары.
Оңтүстік Корея әскерилерінің пайымдауынша, АҚШ бұл арқылы Солтүстік Кореяның әрекетіне қарсы қорғанысты күшейтуді көздеп отыр. Себебі жуырда көрші ел өз әскерінің құрылу күніне орай тағы да сынақ өткізуі мүмкін екенін мәлімдеген. Атап айтқанда, Пхеньян бірнеше баллистикалық зымырандар сынағын жоспарлап қойған. Ол туралы ашық хабарлаған да еді. 15 сәуірде Солтүстік Кореяның бұрынғы көшбасшысы Ким Ир Сеннің 105 жылдық мерейтойы тойланады. Сонымен қатар 25 сәуірде Корея халықтық әскерінің 85 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Міне, осы мереке күндеріне орай Пхеньян зымыран сынағын жасауы мүмкін. Осы орайда «Карл Винсон» кемесі мен зымыран жойғыш крейсер қағылездік танытуы тиіс. АҚШ-тың Тынық мұхиттағы әскери күштері басшылығының өкілі Дэвид Бенхэмнің мәлімдеуінше, топтың басты міндеті – «Тынық мұхиттың батыс бөлігінде әскери дайындықты қамтамасыз ету». Бенхэм аймақтағы тұрақсыздықтың негізгі факторларына айналған зымыран сынақтарын жиілетіп, ядролық күш-қуатын еселеуге тырысып жатқан Солтүстік Кореяның басты түйткіл болып отырғанын айтқан.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ескертулеріне құлақ аспаған корейлердің өз уәжі бар. Қазіргі таңда Сеулдегі америкалық базаларда 28 мыңнан астам әскер бар. Корей түбегінде соғыс қимылдары тоқтатылған 1953 жылдан бері АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы әскери базалары алынған жоқ.
Бұл өздеріне кезенген қару деп түсінген Пхеньян сынақ жалғастыруды тоқтатпақ емес, бейбіт келісімге келуден де бас тартып отыр.
Таяуда АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин өзара кездесу өткізді. Солтүстік Кореяға тосқауыл қою осы кездесудің өзегі болғаны белгілі. Алып державалар басшыларының кездесуі нәтижесінде Қытай Солтүстік Кореяны тәртіпке салуда бар күшін пайдалануы тиіс, әйтпеген күнде Трамп қолдан келер шараның барлығын қолданатынын ескерткен болатын. Соның дәлелі ретінде әйгілі «Карл Винсон» Кореяға жол тартты.
Көпті көрген «Карл Винсон» мұхитқа 1980 жылдары жіберілген. Кезінде Усама бен Ладеннің денесін Арабия теңіздеріне жеткізген де осы кеме болатын. Сондай-ақ, бортында бұрынғы президенттер Билл Клинтон, Барак Обама арнайы болып, бірқатар америкалық фильмдерге де түскен.