Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Болгарияның Албена қаласында өткен қол күресінен әлем чемпионатында топ жарған спортшыларды қабылдап, жеңістерімен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыс басшысы “Шардара Армспорт” құрамасының спортшыларына 10 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыс етті. Марапатты құраманың атынан құрама капитаны Медет Құттымұратов қабыл алды. Сондай-ақ әлем чемпионы атанған Санжар Зәрубек, Ердәулет Мұхамбетов және Нұрдәулет Айдарханға су жаңа автокөліктің кілтін табыстады.
«Өңір басшысы спортшылардың бұл жетістігі – тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл елдің мерейін үстем еткен зор жеңіс екенін атап өтті.
Өз кезегінде чемпиондар мемлекет пен жергілікті билік тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, алдағы жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғауға бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын жеткізді», - делінген Шардара ауданы әкімдігінің хабарламасында.