Ерұлан Қабдулов ММА-ден екі дүркін әлем чемпионы атанды

/
Ерұлан Қабдулов ММА-ден екі дүркін әлем чемпионы атанды
Сурет: Қазақстан Біріккен ММА Федерациясы

Қазақстанның Біріккен ММА федерациясының мәліметінше, халықаралық турнирде қазақстандық спортшылар 2 алтын, 1 күміс және 9 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерлер арасындағы 52,2 келі салмақта ел намысын қорғаған Ерұлан Қабдулов финалда IMMAF рейтингінің көшбасшысы саналатын тәжік спортшысын ұтып, чемпион атанды.

Бұл — Қабдуловтың әлемдік додадағы екінші жеңісі. Ол бұған дейін, 2024 жылы Ташкентте өткен чемпионатта дәл осы салмақта алтын медаль иеленген болатын.

Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екінші алтынды 83,9 келіде сынға түскен Жақсыбек Аймаханов әкелді. Ол барлық қарсыластарын мерзімінен бұрын ұтып, әлем чемпионы атағын иемденді.

Күміс жүлдені Досжан Есбол қанжығасына байласа, қола медальға Әбілмансұр Жексенбай, Марат Әшімтаев, Еркебұлан Бегасылұлы, Дмитрий Ярков және Диас Өскер ие болды.

Ал қыздар арасында Матильда Бачурина, Адель Махметова, Мөлдір Әшірбекова мен Диана Ахметова қола жүлде иеленді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары