Бүгінде Жер шарында 8 миллиардтан астам адам өмір сүріп жатыр. Ал жалпы тарихта қанша адам дүниеге келгенін ғалымдар жуырда есептеп көрді. Бұл зерттеу біздің ұрпақтың бүкіл адамзат шежіресіндегі орнын айқындайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сенімді халық санағы мен ресми статистика тек соңғы екі ғасырда жүргізіле бастады. Бұрынғы дәуірлер үшін демографтар археологиялық табыстарға, қоныстардың көлеміне және халықтың шамамен тығыздығына сүйенеді. Әдетте тарих бірнеше кезеңге бөлініп, әрқайсысына тән орташа халық саны мен өмір сүру ұзақтығы ескеріледі. Осы деректер қосылып, жалпы көрсеткіш шығады.
Ғалымдардың пікірінше, есептеу тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір зерттеушілер тек Homo sapiens-ті ғана қамтиды да, тарихты шамамен 50-200 мың жыл бұрыннан бастайды. Басқалары бүкіл Homo тегін, яғни миллиондаған жыл бұрын өмір сүрген түрлерді де қосады.
Халықаралық Population Reference Bureau ұйымында Карл Хауб пен Тошико Канэда жүргізген есеп бойынша, тарихта барлығы шамамен 117 миллиард адам дүниеге келген. Бұрынғы үлгілер шамамен 93 миллиард деген санды көрсетсе, неміс оқушыларының қарапайым әдісі 140 миллиардқа дейін жеткізген. Дегенмен барлық нұсқалар бір шындықты айтады: қазіргі 8,2 миллиард адам – Жерде өмір сүргендердің небәрі 7 пайызы ғана.
Айта кетсек, британ жазушысы Фред Пирс 2010 жылы «тарихтағы 65 жастан асқан адамдардың жартысы бүгін өмір сүріп жатыр» деген болжам жасаған еді. Алайда тексерулер мұның асыра айтылғанын көрсетті: шын мәнінде ондай адамдардың үлесі 10 пайыздан аспайды.
Бұл деректер адамзаттың тарихи ауқымын жақсы көрсетеді: біз ұзын шынжырдың кішкентай бунағы ғанамыз.