Қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев 19 жастағы мерзімді әскери қызметкер – Дінмұхаммедтің қаза табуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қыркүйек айында әскери қызметкердің денесі Алматы облысындағы әскери бөлімнен табылған еді.
– Қазір тергеу жүріп жатыр, кез келген пікір қате түсіндіріліп, зиян тигізуі мүмкін. Бұл – ата-аналар үшін үлкен қайғы, біз үшін де ауыр соққы. Біз, командирлер, бізге келген әр сарбазды жүрегімізден өткіземіз. Бір жылдық қызмет барысында болған барлық жетістіктерін онымен бірге бөлісеміз. Осындай сәттер біз үшін де өте ауыр, әсіресе сарбаздардың қасында жүрген командирлер үшін. Қай өлім болса да – өлім. Ол қалай орын алса да, ата-аналар үшін бұл орны толмас қаза, – деді қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев.
Оның айтуынша, қорғаныс ведомствосы ресми жауап бермес бұрын тергеудің аяқталуын күтуді жоспарлап отыр.
– Ата-аналарға қатысты айтарым: сарбаздар әртүрлі уақытта, әртүрлі елді-мекендерден шақырылды. Бірақ бұл тақырыпты қайта көтергім келмейді, себебі бұл жақындары үшін қайта еске салу болады. Тергеу аяқталғанын күтейік. Қылмыстық іс қозғалды, ол аяқталған соң барлық сұрақтарға ресми жауап береміз, – деп қосты вице-министр.
Бұған дейін қаза болған сарбаздың әпкесі Еңлік Қалтаева жазба жариялап, бауыры Дінмұхаммедтің егіз ағасының соңынан әскерге кеткенін хабарлаған болатын. Алғашында олар бір әскери бөлімде қызмет еткен, кейін олардың бірін басқа бөлімге ауыстырған.
– Олар бірге қызмет етіп жүрген, бірақ ант қабылдағаннан кейін Дінмұхаммедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырып, егізін ажыратып жіберді. Ал трагедия дәл сол жерде болды, – деп жазды қыз.