Ұлыбританияда 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың наурызына дейін түрмелерден қателікпен 262 адам босатылған. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш, деп жазды The Sun басылымы қылмыстық-атқару қызметіне сілтеме жасап, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәліметке сәйкес, бірқатар тұтқындар бюрократиялық қателіктердің салдарынан бостандыққа шықса, кейбіреулері жеткілікті негізсіз шартты түрде мерзімінен бұрын босату бағдарламасына енгізілген. Аталған бағдарламаны биліктегі Лейбористік партия іске қосқан еді.
Оппозиция өкілдері жағдайды сынға алды. Консервативтік партия депутаты Алек Шелбрук көрсеткіштерді «алаңдатарлық» деп атап, қыркүйекке дейін әділет министрі қызметін атқарған Шабана Махмудты жауапкершілікті мойнына алуға шақырды.
Британ Әділет министрлігі өз кезегінде арнайы жұмыс тобын құрып, қателіктерді түзетуге уәде берді.
Айта кетсек, 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың наурызына дейін шамамен 26,5 мың тұтқын елдегі пенитенциарлық жүйенің шамадан тыс жүктемесін азайту үшін мерзімінен бұрын босатылған.
Соңғы жағдай өткен жаздағы антииммигранттық тәртіпсіздіктерден кейін ушыға түсті. Сол кезде Англия мен Уэльс түрмелерінде отырғандардың саны 2011 жылдан бергі рекордтық деңгейге жеткен. Осыған байланысты әділет министрлігі жүктемені азайту шараларын қабылдады. Соның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға рұқсат етілетін шекті мерзім сот үкімінің 50%-ынан 40%-ына дейін қысқартылды.