Мадагаскар билігі астанасы Антананариву қаласында түнгі уақытта коменданттық сағат енгізді. Бұл шешім жергілікті халықтың наразылық акциясы тәртіпсіздікке ұласып, полициямен қақтығысқаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Reuters агенттігі хабарлағандай, ұлттық қауіпсіздік күштері бұл шараны «халық пен олардың мүлкін қорғау үшін қажет» деп түсіндірді. Коменданттық сағат «қоғамдық тәртіп қалпына келгенге дейін» күшінде болады.
25 қыркүйекте мыңдаған адам полицияның митинг өткізуге тыйым салғанына қарамастан, Антананариву көшелеріне шықты. Наразылық жиі болатын жарықтың өшуі мен судың жетіспеушілігіне қарсы бағытталды.
Олар «Бізге су керек, бізге жарық керек», — деп айқайлаған. Оның айтуынша, бейбіт шерудің арты тәртіпсіздікке ұласып, жастар сауда орталығын және екі депутаттың үйлерін тонап, өртеген. Полиция бұқараны тарату үшін көз жасаурататын газ қолданды.
Күштік құрылымдардан қорғану үшін жастар жолдарды жабып, шиналарды өртеп жіберген. Сондай-ақ олар қаланың жаңа аспалы жолының бірнеше станциясын отқа ораған.
БАҚ дерегінше, наразылық қозғалысы бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде күшейген. Қатысушылар әрекеттерін негізінен Facebook арқылы үйлестірген.
Астанаға қоса, тәртіпсіздіктер арал мемлекетінің бірнеше провинциясына да тарады. Кейбір жерлерде шерушілер ұлттық су және энергия компаниясының кеңселерін қиратты.