Шығыс Қазақстанда сиыр қырылып жатыр

/
Шығыс Қазақстанда сиыр қырылып жатыр
istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты Маралды ауылында екі күн ішінде сегіз ірі қара қырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жануарлардың қырылғаны туралы хабардан кейін ауданда жедел комиссия құрылды.

«Ол кезде алты ірі қараның өлексесі анықталды. Қауіпті инфекциялар мен уытты заттардың әсеріне сынамалар алынды. Ауылда мал иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жағдай бақылауда, халыққа қауіп жоқ», – деді ауданның бас санитар дәрігері Меңдігүл Сәдуақасова.

Барлық зерттеу материалдары облыстық инфекциялық зертханаға жіберілді, қырылған малдар утилизацияланды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, малдың қырылуы жақын маңдағы алтын өндіру фабрикасының жұмысына байланысты болуы мүмкін.

«Жануарлар уланып қалды ма деп алаңдаймыз. Фабрика қасында жұмыс істейді, адамдар қалдықтар мен шығарындылар жайылымға әсер етуі мүмкін деп қорқады», – дейді Маралды тұрғындары.

Алайда ветеринарлар жануарларда байқалған белгілер улануға емес, ауруға көбірек сәйкес келетінін айтады.

«Соңғы ауырған малдарды тексергенде дене қызуының жоғарылағаны анықталды. Бұл пастереллездің негізгі белгілерінің бірі. Сондықтан осы аурудың ықтималдығы жоғары», – деді эпизоотолог Сәтті Дүтбаев.

Ауылда дезинфекция жүргізілуде. Билік бұл жергілікті жағдай екенін, Маралдыдан тыс аурудың таралуы тіркелмегенін мәлімдеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары