Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның апелляциялық шағымын қарады. Нәтижесінде бірінші сатыдағы сот үкімі күшінде қалды, деп хабарлайды turkystan.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат пен оның анасы алаяқтық және заңсыз табысты заңдастыру баптары бойынша айыпталып, сотталған еді. Олар бұған дейін шыққан үкіммен келіспей, апелляция берген.
Істі Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады. Отырыс аралас форматта өтті. Сотталғандар мен олардың адвокаты онлайн қатысып, өз уәждерін жеткізді.
Алайда судья бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
"Сот алқасы апелляциялық шағымдарды тыңдады. Сондай-ақ процеске қатысушылардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын қарап, қылмыстық істің материалдарын зерттеді. Нәтижесінде, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 431-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын (Апелляциялық саты қабылдайтын шешімдер), 443 (Апелляциялық үкімнің, қаулының мазмұны) және 444-баптарын (Апелляциялық үкім, қаулы шығару және олардың заңды күшіне енуі) басшылыққа ала отырып шешім шығарды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылы 25 шілдеде Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты шығарған үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Адвокат пен сотталғандардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмасын. Бұл қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді", – деді судья.