247
Электронды үкімет 11 жыл ішінде 168 миллионнан астам қызмет көрсетті
Электронды үкімет 11 жыл ішінде 168 миллионнан астам қызмет көрсетті
Тура 11 жыл бұрын, 2006 жылы сәуірдің 12-сі eGov.kz атты Қазақстанның электрондық үкіметі іске қосылды, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.
«Порталдың көмегімен құжаттарды алу процессін жеңілдететін жаңа қызметтер мен сервистер саны жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда электрондық үкіметтің инфрақұрылымы арқылы 700-ден астам қызмет пен сервис жүзеге асырылуда. Электрондық үкімет іске қосылғаннан бері халыққа 168 миллионнан астам қызмет көрсетілді», - делінген хабарламада.
Мемлекеттік қызметтерге электрондық түрде қол жеткізудің мақтанышпен айтатындай артықшылықтары бар. Ең басты ерекшеліктерінің бірі ол - уақыттың үнемделуі. eGov порталының мүмкіндіктерін пайдалану үшін үйден және жұмыс орнынан арнайы сұранудың мүлдем қажеті жоқ. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2014 жылы eGov мобильдік қосымшасы пайдалануға берілген болатын.
Мобильдік қосымшаның көмегімен азаматтар медициналық ұйымға тіркеуге тұра алады, шет елге шығатын кезде өз есімін борышкерлер реестрінде тексере алады, некеге тұруға электронды түрде өтініш қалдыра алады. Қазіргі кезде eGov мобильдік қосымшасы арқылы төлемдерді қосқанда 83 қызмет түрі мен сервистер қолжетімді. 2017 жылдың басында eGov мобильдік қосымшасы «The world Government Summit» халықаралық саммитінде ең үздік және озат қосымша атанып, «First World Govtechineers Race-2017» премиясымен марапатталған болатын.
Қызметтердің қолжетімділігінің жеңілденуімен қатар порталды пайдаланушылардың саны да артуда. Бүгінгі таңда 6 миллионнан астам тіркелуші электрондық қызметтерді пайдаланып келеді. «Ашық үкімет» жобасы жүзеге асқалы азаматтарда нормативтік-құқықтық актілерді талқылауға, бюджеттердің жобалары мен бюджеттік бағдарламалардың орындалуын бағалауға қатыса алады. Сондай-ақ, ашық деректер порталында азаматтар ашық деректер жинағының жариялануына және өзектілігіне өтінім қалдыра алады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әлнұр Ермағамбетов атап өткендей «порталдың бүгінгі қалпында жұмыс істеуі үшін үлкен жұмыстар атқарылды. Негізгі инфрақұрылым жасалды. Мұнда деректер орталықтандырылған, веб-сервистер деңгейінде ведомстволық жүйелерді біріктірген бірегей шлюз бар, бірегей транспорттық орта және куәландырушы орталық құрылып, аталған инфрақұрылымға кіретін бір дереккөз ретінде портал жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда үлкен ұжымнан тұратын команда мемлекеттік қызметтердің халыққа көрсетілуін оңтайландыру мен сапасын одан әрі арттыру жолында қызмет етуде».
Мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін көптеген мемлекеттік органдардың – ақпарат иелерінің деректер қорындағы мәліметтер пайдаланылады. Азаматтар электрондық үкімет порталынына белгілі бір қызметті алуға сұрау салған кезде жауап мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі дерекке сәйкес құралатынын еске саламыз.