Таиландтың Удон Тхани провинциясында 30 жастағы ер адам алтын сақина ұрлап, полицияға өзі ұсталған. Оның басты себебі – түрмеге қайта оралғысы келген. Оның айтуынша, қамаудағы өмір бостандықтағыдан жеңіл болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға қыркүйектің 11-і күні қала орталығындағы сауда орталығында тіркелген. Ол зергерлік дүкенге кіріп, құны 28 мың бат тұратын сақинаны тағып көруге сұрайды. Сосын сатушыларға: «Егер мен мына сақинаны киіп, сыртқа шығып кетсем, ұстай ма?» – деп сұрайды. Қызметкерлер «Әрине, ұстайды» деп жауап бергенімен, жігіт шынымен дүкеннен сақинамен бірге шығып кеткен. Бірақ ұзап үлгермей, күзет пен дүкен қызметкерлері ұстап алып, полицияға тапсырған.
Бұған дейін ол көрші дүкенге де кіріп, дәл осындай сұрақ қойған, бірақ ол жерде ештеңе ұрламаған екен.
Тергеу барысында Пакін ұрлықты әдейі жасағанын мойындады. Ол бұған дейін де ұрлық үшін түрмеде отырып шыққанын, сол жерде өмірі жеңіл болғанын айтты. Отбасымен бірге тұрып жатса да, өзін бақытсыз сезінетінін жеткізді. Айтуынша, әйелі жақсы адам, жас қыздары бар. Бірақ анасы оған ешқашан сенім артпаған, тіпті мұрагерлігін өзіне емес, немересіне қалдырған. «Сен түкке жарамайсың» деген сөздері де оның намысына тиген.
Полиция оқиғаны зерттеп, оның зорлық-зомбылық әрекетіне бармағанын анықтады. Алтын дүкен де шағымданудан бас тартты. Сондықтан Пакінге тек есірткі қолданғаны үшін іс қозғалып, оның аты-жөні тіркелді. Құқық қорғаушылар оны оңалту орталығына жіберуді ұйғарды.