Президент Жолдауы – Қазақстанды жаңа дәуірдің кешенді жаңғырту жолына бастайтын айқын бағдар

Президент Жолдауы – Қазақстанды жаңа дәуірдің кешенді жаңғырту жолына бастайтын айқын бағдар
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің даму бағытын айқындап, алдағы жылдардағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын белгілегенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Мемлекет басшысы Жолдауда цифрлық күн тәртібіне ерекше мән берді. Президент жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және ауқымды цифрландыру Қазақстанның стратегиялық дамуының басты тетігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Шын мәнінде, бұл қадам елдің барлық саладағы әлеуетін күшейтеді және экономика, әлеуметтік жүйенің жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Мемлекет басшысы түбегейлі цифрлық өзгерістердің түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту, өмір сапасын арттыру және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту екенін ерекше айтты. Осыған байланысты елімізді толыққанды цифрлық держава ретінде қалыптастыру – жақын жылдардағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағыт жаңа технологияларды экономикалық жаңғыру мен әлеуметтік тұрақтылықтың берік негізіне айналдырады.

Көзделген мақсаттарға жету үшін цифрлық дамудың басты бағыттарын айқындайтын Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажет. Депутаттар бұл мәселеге осы сессияда баса мән беретін боламыз. Сонымен бірге, Президент барлық цифрлық бастамаларды бір арнаға тоғыстыратын «Digital Qazaqstan» бірыңғай стратегиясын әзірлеуді тапсырма берді", – дейді депутат.

Жолдауда инвестициялық саясатқа да айрықша көңіл бөлінді. Үкіметке шетелдік капиталды тарту тетіктерін жетілдіру, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық салаларға жаңа серпін беретін инвестициялық кезеңді бастау міндеттелді.

"Сонымен бірге, экономика мен қаржы секторындағы бәсекелестікті күшейтіп, цифрлық активтердің айналымын либерализациялауға ықпал ететін жаңа «Банктер туралы» заң қабылдау қажеттілігі айтылды.

Бұл сессияда талқыланатын маңызды құжаттардың бірі – Alatau City-ге арнайы құқықтық мәртебе беру туралы заң жобасы. Жаңа қала еліміздің технологиялық өрлеуінің және болашақ келбетінің нышаны болмақ.

Президент ауыл шаруашылығына да ерекше тоқталды. Парламентке ЕАЭО аясында отандық өндірушілерді қорғауға бағытталған заңнамалық шараларды қабылдау тапсырылды. Бұл аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін күшейтіп, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге жер ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін кадастрлық деректерді, инфрақұрылым мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі ақпаратты біріктіретін бірыңғай цифрлық карта жасау міндеті айтылды.

Көлік-логистика саласының дамуы да цифрландырумен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы жаһандық бәсекенің күшейген тұсында Қазақстан транзиттік әлеуетін тек цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы нығайта алатынын атап өтті. Осы мақсатта барлық тасымал процестерін біріктіретін көпбейінді цифрлық платформа құру, сондай-ақ алдағы айларда Smart Cargo жүйесін іске қосу көзделуде.

Президент шағын және орта бизнесті дамыту үшін құқықтық базаны жетілдіру қажеттігі туралы айтты.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен құрылыс саласын да маңызды міндеттер қойылды. Ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану, құрылыс процесінің барлық кезеңіне толық мониторинг жүргізетін ұлттық цифрлық платформаны енгізу – саланың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Депутаттарға осы жылдың соңына дейін жаңа Құрылыс кодексін қабылдау тапсырылды", – дейді Ж.Сүлейменова.

Жолдаудың ең маңызды тұстарының бірі – парламенттік реформа бастамасы. Президент бір палаталы Парламентке көшу мәселесін көтерді.

"Бұл – тарихи мәнге ие қадам әрі Әділетті Қазақстан құрудағы саяси реформалардың заңды жалғасы.

Саяси жүйе мен мәдениеттің жетілуін ескеріп, жаңа кезеңге қадам басу қажеттігін атап өтті. Президент бұл мәселе бойынша кең ауқымды қоғамдық талқылау жүргізіліп, қорытынды шешім халықтың қатысуымен өтетін референдумда қабылданатынын жеткізді.

Жалпы, Президент Жолдауы – Қазақстанды жаңа дәуірдің кешенді жаңғырту жолына бастайтын айқын бағдар. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі әрі орнықты дамудың негізгі шарты болатыны сөзсіз.

Президенттің жүктеген міндеттерін орындау – Үкімет пен Парламенттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Біз бірлікпен әрекет еткенде ғана Әділетті, Қуатты Қазақстанды табысты қалыптастырып, дамытатын боламыз", – дейді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары