Елорда әкімдігінде Президент Жолдауын іске асыру мәселелері пысықталды

/
Елорда әкімдігінде Президент Жолдауын іске асыру мәселелері пысықталды

Бүгін Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбек қоғам өкілдерімен, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және жастармен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек Астана цифрлық трансформацияның үлгісіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Smart City тұжырымдамасы аясында халықаралық G42 холдингімен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздік пен қалалық ортаны басқару саласында жасанды интеллект технологияларын енгізу жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба аясында заманауи мегаполистер тәжірибесіне сүйене отырып, 35-тен астам видеосараптама түрі және жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты тіркеудің 15 әдісі қолданысқа енгізілмек.

«Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры бас директорының орынбасары Таңат Өскембаевтың айтуынша, биыл Астанада EXPO-2017 аумағында Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылмақ. Бұл орталық жасанды интеллект экономикасын дамытуға, зерттеулерді қолдауға, цифрлық салаға инвестиция тартуға және басқа да бағыттарға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар елордада өмір сүрудің негізгі салаларына заманауи технологиялар қарқынды енгізіліп жатыр. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жасанды интеллект модульдері өтініштерді нақты уақыт режимінде талдайды. Сондай-ақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау процесі толық цифрландырылған. Операторлардың жұмысы GPS-мониторинг пен фотофиксация жүйесі арқылы онлайн бақыланады.

«Денсаулық сақтау саласында маңызды қадам – жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған PACS жүйесін (цифрлық радиология) енгізу. Ол 4 миллионнан астам зерттеуді бірыңғай мұрағатқа енгізеді. Бұл диагностика мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Медициналық қызметтерді жақсарту мақсатында жыл соңына дейін жедел жәрдем автопаркінің 100 көлігі (әрқайсысында 4 камера) бейнебақылау жүйесімен жабдықталады, деректер 30 күнге дейін сақталады (пилоттық жоба аясында 1 көлікке қосылды). Жүйе шақыру орнынан нақты уақыт режимінде видеожазба жіберуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аясы тар бейінді мамандардың онлайн қосылып, қашықтан консилиум өткізуіне, жедел медициналық шешім қабылдауына және жедел жәрдем бригадаларының қауіпсіздігіне жағдай жасайды», – деді Таңат Өскембаев.

Цифрлық технологиялар шағын және орта бизнеске де енгізіліп жатыр. Қалада бүгінде 260 мың ШОБ субъектісі жұмыс істейді, олардың экономикадағы үлесі 60%-ға жетіп отыр, ал секторда жұмыспен қамтылғандар саны – 530 мың адам.

«Бизнес үшін басты міндет – инновацияға сенімді инвестиция салу. Мемлекет үшін міндет – тәуекелдерді азайтуға және жобалардың тиімділігін арттыруға жағдай жасау. Президент Жолдауында өңдеуші өнеркәсіпке ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда инвесторлардың қайта өңдеу, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісіне қызығушылығы артып отыр. Бұл бағыттағы жұмысқа Астананың №1 индустриялық паркі ерекше үлес қосып отыр. Ол республика бойынша өндіріс көлемінде көш бастап тұр, жұмыс істеген кезеңде 8,7 трлн теңгеге өнім шығарған. Сондай-ақ, 340 млрд теңгеден астам салық төлеп, шамамен 159 млрд теңгенің өнімін экспорттаған. Бұған қоса, бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 9 теңге жеке инвестиция тартылды. Бірінші парктің оң тәжірибесін ескере отырып, мемлекет екінші паркті құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Замира Құзиева.

Кездесуде сондай-ақ Астана IT University ғылыми-инновациялық орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов (цифрлық технологиялар саласындағы мамандар даярлау туралы), «Темір Сервис Астана» компаниясының директоры Қанат Рахметов (логистика мен көлік инфрақұрылымын дамыту туралы), «Даму» қоры филиалының директоры Светлана Назарюк (шағын және орта бизнесті қолдау туралы), Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков (тұрғын үй құрылысы туралы), «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі Ержан Хамитов (жастардың цифрлық трансформациядағы және адами капиталды қалыптастырудағы рөлі туралы) баяндама жасады.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Президенттің тапсырмалары толықтай қала тұрғындарының мүддесі мен қоғам ұсыныстарын ескере отырып жүйелі түрде орындалатынын атап өтті.

«Бірлескен күш-жігерімізбен Астананы инвестициялар, таланттар мен инновациялық технологиялар тоғысатын орталыққа айналдырамыз», – деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша Жолдауды қала деңгейінде жүзеге асыруға қатысты нақты ұсыныстар әзірленді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары