Бестеректе көлік қағып кеткен екі бала ауруханадан шығарылады

/
Бестеректе көлік қағып кеткен екі бала ауруханадан шығарылады

Бестеректе болған жол апатынан зардап шеккен екі баланың жағдайын дәрігерлер «қанағаттанарлыққа жақын» деп бағалап отыр. Санавиация арқылы Астанаға жеткізілген балаларды 4 қыркүйек күні ауруханадан шығару жоспарланып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Барлық қажетті емдік-диагностикалық шаралар жүргізілді. Балалардың шағымы жоқ, көңіл-күйі жақсы, тәбеті орынды. Өзін белсенді сезінеді. Қазір шығаруға дайындалып жатыр», – делінген Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметте.

Ал ауыр халде болғандықтан Астанаға жеткізілмей, алдымен Үржар аудандық ауруханасында бақылауда болған, кейін 23 тамызда санавиациямен Семейге жеткізілген қыз баланың жағдайы әлі де өте ауыр. Ол комада жатыр. Дәрігерлер барлық қажетті ем шараларын жасап жатқанын атап өтті.

Еске сала кетсек, 19 тамыз күні Бестерек ауылында Toyota көлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған балаларды қағып кеткен еді. Оқиға үй қақпасының алдында, жолдан небәрі 10 метр жерде болған.

Салдарынан екі бала оқиға орнында қаза тапты, тағы бірі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Тағы үш бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Қайтыс болған балалардың жасы 2 мен 7 жас аралығында болса, жарақат алғандардың жасы 6-дан 9 жасқа дейінгі аралықта.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары