Ақмола облысында полицейлер ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бурабай ауданының Кенесары ауылы маңында өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған ер адам туралы полицияға хабар түсті. Белгісіз қоңырау шалған азамат ауыл шетіндегі биік жерде адамның өмірімен қош айтыспақ ниетте екенін жеткізген.
Ақпарат дереу Ақмола облысы полиция департаментінің патрульдік экипаждарына беріліп Ермек Самарханов пен Нұрдәулет Оралбайұлы жедел түрде оқиға орнына аттанды.
"Өтініш берушімен байланыс орнатып, нақты мекенжайды анықтаған тәртіп сақшылары күдікті жерді аралап, ер адамды Астана – Петропавл автожолының 275-шақырымында, трассадан шамамен 500 метр қашықтықтан тапты. Оның жағдайы ауыр болып, қатты қансыраған еді. Полиция қызметкерлері бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жарасын таңып, зардап шегушіні қызметтік көлікке отырғызды. Уақыттың әр минуты қымбат екенін түсінген олар жедел жәрдемді күтпей, дәрігерлерге қарсы жолға шықты. 256-шақырымда науқас жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Дегенмен көлік қозғалысы тығыз болғандықтан, полицейлер медициналық көлікті Щучинск қаласына дейін эскортпен алып жүруді жөн көрді. Бұл шешім науқасты дер кезінде ауруханаға жеткізуге мүмкіндік берді. Полиция мен медицина қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді іс-әрекетінің арқасында ер адамның өмірі сақталып қалды", - деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.
Құтқару операциясы аяқталған соң тәртіп сақшылары дәрігерлерге кәсіби көмектері үшін алғыс білдірді. Алдын ала мәліметтер бойынша, жас жігіт жеке қарым-қатынасқа байланысты қиындықтардың салдарынан мұндай қадамға барған.