Ақсуда ферроқорытпа зауытында үш қызметкерді күйік шалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қызметкерлер 1 қыркүйек күні түнде Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлады.
1974 жылы туған зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем тағайындалды. Оның жағдайы тұрақты және қанағаттанарлық.
1986 жылы туған екінші зардап шеккен адам травматология бөлімшесіне жатқызылды. Оның жағдайы орташа ауырлықта, ем жалғасуда, динамикасы тұрақты.
Ал үшінші, 35 жастағы зауыт жұмысшысының жағдайы ауыр.Ол реанимация бөліміне 40–50% дене беті күйік алып, күйік шогымен түскен. 3 қыркүйектегі жағдайы ауыр және тұрақсыз, ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Емдеу реанимация бөлімінде жалғасуда.