Поляк миллионері теннис турнирінде баланың бас киімін тартып алған

/
Поляк миллионері теннис турнирінде баланың бас киімін тартып алған

Поляк кәсіпкері Петр Щерек АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен US Open турнирінде теннисші Камиль Майхшак ойынды аяқтаған соң сыйға бермек болған кепканы баладан тартып алды. Кәсіпкердің айтуынша, бұл оқиға кездейсоқ болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Щерек Facebook-та өзінің әрекеті үшін кешірім сұрады.

28 тамыз күні Майхшак US Open турнирінің екінші кезеңінде Ресейдің бірінші ракеткасы Карен Хачановты жеңді. Матчтан кейін спортшы жанкүйерлерге қолтаңба таратып, жасөспірімге кепкасын ұсынған. Алайда қасында тұрған Щерек кепканы жұлып алып, баланың қарсылығына қарамастан сөмкесіне салып қойған.

«Мен баладан, оның отбасынан, барлық жанкүйерлерден және ойыншыдан шын жүректен кешірім сұраймые. Мен жас жанкүйерден қымбат естелікті тартып алғым келген жоқ. Мені жеңістен кейін сезімге беріліп кетсем керек. Камиль кепканы маған беріп, мен оны автограф сұраған ұлдарыма апарып беремін деп ойладым», – деп жазды кәсіпкер.

Щеректің айтуынша, ол баладан кешірім сұрап, кепканы өзіне қайтарып жіберген.

Бұған дейін Parismatch басылымы Щерек өзінің әрекеті үшін кешірімнен бас тартқанын хабарлаған болатын. Ал Майхшак жағдайды білген соң, сол баланы тауып, оған тағы бір кепка мен басқа да сыйлықтар берген.

The Times мәліметінше, Петр Щерек пен оның әйелі – миллионерлер әрі әуесқой теннисшілер. Олар жас поляк спортшыларын қолдап жүр және олардың компаниясы Drogbruk Польша теннис федерациясының демеушісі болып саналады.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары