Батыс Қазақстанда 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

/
Батыс Қазақстанда 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді
«AMANAT» партиясы

Казталов ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың апатты мектептердің орнына жаңа білім ошақтарын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік жауапкершілік аясында жүзеге асқан 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев,  облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин,  аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қоныс ауылында алғашқы мектептің іргетасы 1948 жылы салынған. Алғашында В.И.Ленин атындағы жеті жылдық мектеп ретінде ашылған білім ордасы, 1957-1958 жылдары «Стройтель» жеті жылдық мектебі болып, кейін 1976 жылы Крупская атындағы 8 жылдық мектеп болып өзгеріп, жаңа мектеп ғимараты бой көтерген. 1979-1980 оқу жылында орта мектеп болып қайта құрылып, алғашқы орта мектеп түлектері 1980 жылы бітірді.

Ал «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енген, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының тапсырысымен салынған нысанның құрылысын «Smartech» ЖШС жүргізді. Заман талабына сай жабдықталған білім ордасында 11 оқу кабинеті, спорт залы, асхана, кітапхана, мәжіліс залы қарастырылған.

Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

- Бүгін баршамыз үшін ерекше қуанышты сәт! Конституцияның 30 жылдығына орай және жаңа оқу жылының қарсаңында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асқан 60 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Президентіміз биылғы Тамыз конференциясында «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді...» деген болатын. Бұл білім ордасының бой көтеруі — мемлекет пен бизнестің, жергілікті билік пен халықтың бірлескен еңбегінің жарқын көрінісі. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы өңіріміздің әлеуметтік дамуына белсенді үлес қосып келеді, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Қайыржан Ермекұлы өз сөзінде Казталов ауданында соңғы 3 жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

— Мектептердің апаттылығын, үшауысымдылық мәселесін шешу мақсатында соңғы үш жылда облысымызда 7526 орынға 26 мектеп салынды, соның ішінде КПО б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында 1344 орынға 16 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 1982 орынға 7 мектеп, «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында 4200 орынға 3 мектеп пайдалануға берілді. 2023 жылы Казталов ауылында Алма Оразбаева атындағы 600 орындық мектеп, Жұлдыз ауылында А.Хұсайынов атындағы 108 орындық мектеп, Бостандық және Қараоба ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ Қараөзен ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Ал 2024 жылы Саралжын ауылында 60 орындық мектеп, Қайшақұдық ауылында модульді медициналық пункт, Қайыңды ауылында жаңа мәдениет үйі, Казталов ауылында 320 орындық заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. 2025 жылы 4 бағыт бойынша 20 әлеуметтік нысанға газ кіргізілді, «Қаладан-ауылға» бағдарламасы бойынша Жалпақтал, Қараөзен, Оразғали ауылдарына көшіп келген 8 отбасыға пәтер кілті табысталды. Сексенбаев, Бозоба, Бейстерек, Хайруш ауылдарына ауыз суға арналған блок-модульды кешен орнатылды. Бұл нысандар - аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сапалы білім, денсаулық сақтау және мәдени-спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісті нәтижесі,  — деді ол.

Білім ордасының ашылу салтанатында жаңа мектепке облыс әкімінің атынан LED экран табысталды. Сонымен қатар «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев сөз алып жылы лебізін білдірсе, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мердігер «Smartech» ЖШС директоры Жәнібек Байғатовқа мектеп құрылысын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтағаны үшін алғыс хат табыс етті. Мектеп оқушылары мен ұстаздар мектеп тарихын баяндап, жетістіктерін атап өтті.

Жаңа мектептің ашылғаны қоныстықтардың да мерейін асырып, тұрғындар қуанышымен бөлісті.

— Жаңа мектептің салынғаны біз үшін үлкен қуаныш, зор жетістік болды. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен қамқорлықтың, ел ертеңіне деген айрықша жанашырлықтың айқын көрінісі. Жаңа шаңырақтан тәлім алып шығатын шәкірттердің көкірегін білім нұры сәулелендіріп, болашақта ел игілігіне қызмет ететініне сенім мол. Осындай игілікті істі жүзеге асырған Мемлекет басшысына, облыс пен аудан басшылығына қоныстықтар атынан алғысымыз шексіз. Халықтың қуанышын бөлісіп, қуат берген бұл күн тарихымыздың жарқын беттерінің бірі болып жазылары анық,  — деді ардагер ұстаз Жауһар Сапарғалиева.

Қоныс ауылындағы жаңа мектептің ашылуы – елдің болашағына бағытталған стратегиялық қадам, ұрпаққа жасалған зор қамқорлық. Бұл – ауылдың жаңа тынысы, білім көкжиегін кеңейткен қуаныш. Енді Қоныс ауылының шәкірттері заманауи мектепте білім алып, өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік алады. «Жаңа мектеп – жаңа серпін, жаңа мүмкіндік» деген сеніммен, ауыл болашағының нұрлы боларына үміт мол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары