Екі жыл бұрын ұрылардың қолына түскен қымбат Lamborghini көлігі иесіне тосыннан қайтарылды. Бұл жолы дәстүрлі полиция іздеуі емес, жасанды интеллекттің мүмкіндігі көмекке келген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Барлығы жаңа иесінің әрекетінен басталған. Ол көліктің ішінен алдыңғы қожайынның визиткасын тауып алып, хабарласқан. Хатта: «Сен бұл машинаны саттың ба?» деген сұрақпен бірге Lamborghini суреті қоса жіберілген.
Көлігінен айырылып қалған азамат суретті ChatGPT-ке жүктеп көреді. Жасанды интеллект фотодағы фонды талдап, суреттің нақты қай жерде түсірілгенін анықтап берген. Көп ұзамай иесі жоғалтқан «темір тұлпарының» тұрған жерін тапқан.
Ең қызығы, полиция оқиғаға қатты таң қалып, жәбірленушіден тіпті «әдістемелік нұсқаулық» сұраған: ChatGPT көмегімен қалай іздеу жүргізуге болатынын түсіндіріп беруін өтінген.
Бұл жағдай жасанды интеллект тек мәтінмен шектелмей, нақты өмірдегі мәселелерді шешуде де маңызды құралға айнала бастағанын көрсетеді.