Бұған дейін 6 қыркүйекте Орталық стадионда өтуге тиіс «Макс Корж» есімімен белгілі ресейлік әншінің концерті өтпейтін болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қаласының спорт құрылыстары дирекциясының мәліметінше, дирекцияның ішкі ережелеріне сәйкес, бұқаралық-мәдени іс-шараларды өткізу жөніндегі келісім-шарттар құзырлы органдар тарапынан тиісті рұқсат құжаттар берілгеннен кейін ғана жасалады.
«Концерт өтеді деп жоспарланған мерзімге санаулы күндер қалды, мұндай ауқымды іс-шаралар үшін Орталық стадиондағы дайындық жұмыстары кемінде 10-20 күн бұрын жүргізіле бастауы қажет. Бүгінгі күнге дейін ұйымдастырушылар Дирекциямен келісім-шарт жасасуға негіз болатын рұқсат құжаттарын ұсынған жоқ.
Сәйкесінше, аталған іс-шараны өткізуге заңнамалық та, техникалық та тұрғыдан мүмкіндік жоқ.
Он мыңдаған көрерменнің қатысуымен өткізілетін ауқымды концерттер стадионның көгал жамылғысына да зор салмақ түсіреді, бұл өз кезегінде футбол матчтарының сапалы өтуіне кері әсер етеді.
Алдағы уақытта Орталық стадион өзінің негізгі міндеті – спорт сайыстарын өткізуге басымдық бермек. Аренада «Қайрат» футбол клубының УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңі аясындағы ойындары өтеді. Жақын күндері алматылық команда Шотландияның «Селтик» клубымен кездесуде тарихи жеңіске қол жеткізді, бұл жаңа мақсаттарға жол ашады, әрі аренадан мінсіз дайындықты талап етеді.
Билеттерді қайтаруға қатысты барлық сұрақтарды концерт ұйымдастырушыларына және билет сатып алынған орындарға жолдауларыңызды сұраймыз», – делінген хабарламада.