«Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер Тәуелсіздік көшесінде патрульдеу барысында күдік тудырған Hyundai автокөлігін тоқтатқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру кезінде рөлде 17 жастағы жасөспірім отырғаны анықталды. Ол әпкесінің көлігін алып, мас күйінде жүрген.
Кәмелетке толмаған құқық бұзушы мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жасөспірімнің алкогольдік ішімдік ішуі, түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүргені және ата-аналық міндеттердің орындалмауына байланысты оның заңды өкіліне де әкімшілік жаза қолданылды. Жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға рұқсат берген көлік иесі де жауапкершілікке тартылды.
«Астана қаласы Полиция департаменті ата-аналарға балалардың қайда жүргенін, әсіресе түнгі уақытта, қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтар жасөспірімдердің ғана емес, айналадағы өзге адамдардың да өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді», – делінген ведомство таратқан хабарламада.