АҚШ-тың Оклахома штатында 33 жастағы Шери Уокер мен оның 34 жастағы күйеуі Дастин 11 жасар асыранды қызының жүктілігіне және үйде босануына байланысты қамқоршылық міндеттерін орындамағаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жайлы Daily Mail жазды.
Басылымның дерегіне сүйенсек, сәби үйде дүниеге келген және дені сау болған. Ата-анасы асыранды қызды бір жылдан астам уақыт бойы дәрігерге апармаған. Ал толғағы басталған кезде де ауруханаға жүгінбеген.
Округ прокурорының көмекшісі Джанет Хатсонның айтуынша, қамқоршылық қызметі мен басқа да органдар жағдайдан тек қызды босанғаннан кейінгі тексеруге жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізген кезде ғана хабардар болған.
«Бұл 11 жастағы қыз екенін және оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмегенін білгенде қатты шошыдым. Оның қасында болар жан да табылмаған. Бұл оқиға оған өмір бойғы психологиялық жарақат әкелді», — деді Хатсон.
Сонымен бірге ол қамқоршылардың «қыздың жүктілігін білмедік» деген сөздеріне сенбейтінін айтты. Прокурордың көмекшісінің сөзінше, қыз басқа бес баламен бірге Уокерлерден алынды.
Қазір билік жас ананың баласының әкесін анықтау үшін сараптама нәтижесін күтіп отыр.