18 тамыз күні болған қайғылы оқиға туралы иттің иесі Татьяна айтып берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Lada.kz жазды.
Ақтаулық тұрғын Татьянаның айтуынша, оның 13 жастағы қызы Богдана лабрадор тұқымды Лорд есімді итімен бірге 7А шағынауданда теңіз жағасында серуендеп жүрген. Балалар таяз суда тастардың үстімен жүрген кезде, аяқ астынан көтерілген қатты толқын қызды тереңге алып кеткен.
Богдана өздігінен жағаға шыға алмады. Дәл осы сәтте оны Лорд құтқарды. Куәгерлердің айтуынша, ит бар күшін салып қызды тастардың үстіне қарай итеріп, қауіпсіз жерге жеткізген. Алайда өзі судан шыға алмай, батып кеткен.
Иесінің сөзінше, Лорд отбасыда екі жыл тұрған. Ол түрлі марапаттарға ие болған, жасөспірімді қорғау мен күтім жасауға арнайы дайындықтан өткен. Богдана үшін ол жай ғана қорғаушы емес, нағыз дос болған.
«Лорд – біздің отбасының толыққанды мүшесі еді. Үш балам бар, кенже қызымның жасы небәрі бір жаста. Лорд онымен ойнап, қамқор болып жүретін. Бізге онысыз өте қиын, бұл біз үшін орны толмас қайғы», – деді иттің иесі.