19 тамыз күні Абай облысына қарасты Үржар ауданының Бестерек ауылында орын алған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс тіркеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала деректерге сәйкес, «Toyota» автокөлігін тізгіндеген 55 жастағы азамат көлікті басқара алмай, үй қақпасының жанында, жолдан шамамен 10 метр жерде тұрған жасөспірімдерді қағып кеткен.
Қайғылы жағдайдың салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмған, тағы біреуі ауруханаға жеткізіліп бара жатқанда қаза тапты. Сонымен қатар үш жеткіншек түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге түсті.
Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен балалардың жағдайын ерекше бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
«Балалардың хәлі өте ауыр, барлық қажетті ем-шаралар жасалып жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Көлікті жүргізген азамат ұсталып, Үржар аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама оның апат кезінде ішімдік те, есірткі де пайдаланбағанын анықтады.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиға орнында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қайғылы апаттың нақты себебі мен мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасуда.