АҚШ-тағы Бейлор медицина колледжінің ғалымдары жүргізген тәжірибелер тәтті тағамға деген құмарлықтың әлеуметтік факторларға да байланысты екенін көрсетті. Зерттеу нәтижелері Nature Communications журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар тышқандарды аш және тоқ топтарға бөліп, оларды бір-бірін көре алатындай, бірақ араласа алмайтындай етіп орналастырды. Нәтижесінде тоқ жануарлар көршілері қарапайым жем не майлы ас жеп отырса, селт етпеген. Бірақ егер олардың көзіне тәтті жеп отырған тышқан түссе, өздері де тоқ бола тұра бірден асқа бас қойған.
Бұл құбылыс дофамин жүйесімен байланысты екені анықталды. Зерттеушілердің айтуынша, D1 және D2 рецепторларының белсенділігі миға «бұл жағымды, қайтала» деген белгі береді. Егер дофамин рецепторларын тежейтін дәрілер енгізілсе, мұндай әсер жоғалады.
«Адам аш болмаса да, басқа біреудің тәтті жеп отырғанын көруі артық тамақтануға итермелеуі мүмкін», – дейді зерттеу жетекшісі, доктор Йонг Сюй.
Ғалымдар қазіргі заманда адамдардың назарын тәттіге аудартатын жарнамалар, әлеуметтік желілер мен түрлі бейнелердің көптігін атап өтті. Сондықтан визуалды және әлеуметтік ықпалдардың қалай жұмыс істейтінін түсіну дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыруға және артық тамақ жеумен күресудің жаңа тәсілдерін табуға көмектеспек.