Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы ұсталған соң, өзіне қатысты жалған ақпарат тарап кеткенін жеткізді.
Ол ұсталған шенеуніктің «өзінің адамы» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Құрметті достар! Ақпараттық кеңістікте мен жайлы тағы бір жалған мәлімет тарады. Бүгін ұсталған, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты кейбір дереккөздер таратқан ақпаратты жоққа шығарамын.
Оның «менің адамым» екендігі жөніндегі кез келген мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке келгенге дейін тағайындалған. БАҚ өкілдері мен арна авторларын жариялар алдында деректерді мұқият тексеріп, халықты адастырмауға шақырамын», - деген жазба қалдырды әкімінің орынбасары.